Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз?

14.04.2024

Сонымен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы қалай басталды?Шара шарасыз адамдарды қорқытып-үркітіп шығаратын науқаншылдыққа айналмауы үшін тұрғындарды нақ өзі тұратын аудандарды, ал мекемелерді өзінің маңайын тазартатын қылып логикаға сыйымды жоспар құру керек.

Тараздың елдегі ең жасыл қала дейтін бейресми аты бар. Мамырдың ортасына дейін мұнда тағы 40 мың түп тал отырғызылмақ. Сондай-ақ, 1 миллион данадан асатын түрлі гүл тұқымдары себіледі деген жоспар бар.  Шаһар шетін айтпағанда орталығында да тұрмыстық қалдықтар шашылып жатады.Сондықтан Үсен Қожақұлов алпысты алқымдаса да қолына қап алып, қоқыс тазалаудан арланбайды.

 Үсен Қожақұлов, Тараз қаласының тұрғыны:

Өзіңді өзің құрметтеп, осы жердегі тұрған жеріңді құрметтеуің керек. Мынандай нанды бәрін тазалап алып жүру керек. Көрдіңдер ме, мына жерден алып алып кетіп бара жатырмын.

Яғни, «Таза Қазақстан сенбіліктен емес, отбасыдан басталады» дейді үлкенде.

Шәрипа Аяпбергенова , Тараз қаласының тұрғыны:

Өңкей лас болып жатады. Барлық жер шашылып жатады. Жастар қалай болса солай шашып жүре береді. Тазалық дегенді отбасынан ұстау керек, жастайынан.
Қазақстанның барлық қаласын бірдей қоқыс баспаған. Мысалы, Талдықорғанға жолы түскендер, шаһардың тазалығын сөз өтеді. Атына заты сай десе  еді.

 Сәуле Жұматаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Үйді қанша салсаңдар ағашты сонша салу керек екен. Өзіміз соған үйреніп кеткенбіз ғой осы Талдықорғанда жүріп. Бір үй тұрғызсаң, екі-үш ағаш отырғыз. Алма ағаш отырғыз.

Дегенмен қолындағы қоқысын көрінген жерге тастай салатындар мұнда да бар.

Фая Кемалова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Осы микрорайонның адамдары мусорларын кетіп бара жатып, суларын, құмыраларын мынадай арықтарға лақтырып тастайды. Ол дұрыс емес қой. Өзінің үйлерінде де солай жасай ма екен ойлаймын?

Екі жыл бұрын облыс орталығына айналған Семей де көшке ілесіп, «Таза Қазақстанды» бастап кеткен...

Арайбек Хамзаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

Таза Қазақтан акциясы бойынша 200-ден астам іс-шара жоспарланған. Атап айтар болсақ ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл жерде 3 мыңнан аса кәсіпорын мен 10 000-нан аса қала тұрғыны белсене қатысты.

Бірақ, шаһар белсенділерінің нақ осындай тазалық жұмыстарына қатысты өз айтарлары бар.

Ерлан Шайахметұлы, қоғам белсендісі:

Мысалы біз барсақ Революция жаққа апарады. Анау Ертістің жағасындағы. Тағы бір ұжымдарды басқа бір жаққа апарады. Степнойға алып барады осы орталықтан. Неге осы Степнойдың тұрғындары өз жерін тазалмайды. Әркім өзінің маңайын тазаласа ол шын ниетімін тазалайды. Науқанға салып, ұраншылдатып, баннер көтеріп менің ойымша керегі жоқ деп ойлаймын ол. Өтті кетті ұраншылдатын нәрсе емес бұл.

Ал Қызылордада тазалық мекемесінің қызметкерлері қоғамдық көлікте тегін жүріп, жылына бір рет шипажайға жолдама алады. Қазір 400-ден астам көшеде тазалау жұмыстары басталған.

Болат Нұрхожаев, ҚК экология және ауыл шаруашылығы комиссиясының төрағасы:

Арық жүйесін бір мекеме алады егуді бір мекеме алады. Арықты тазалауды бір мекеме алады. Шөп тазалауды бір мекеме алады. Мысалы шөп орған мекемелер арықтарды сол шөптің қалдығымен толтырып кетеді.

Сондықтан жасыл-желекке, арық тазалауға жауапты «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылған.

Болат Нұрхожаев, ҚК экология және ауыл шаруашылығы комиссиясының төрағасы:

Водозабор деген бар су алатын жер. Сол жердің 20 гектардай аумақтың бір-екі гектарын алып питомник жасап жатыр. Сол мекеме көшетті өзі дайындап, өзі өсіріп қарамағында 200-дей жұмысшысы болады. Бюджеттен тікелей қаржысы отырғызылады. Оның жұмысы бірден жүріп кете қоймайды. Өйткені қаланың талдары қурап, арық жүйелері істе шыққан.

Қоқысты далаға тастамайды. Ешқандай оған заң жоқ. Ол мәдениет. Адамдар соған қалыптасқан.Қазақстанда әлі күнге дейін сенбілік жұмыстары ұйымдастырылатын болса, Германияда мұндай «дәстүрді» білмейді. Өйткені қоқысты әркім өз үйінен сұрыптап шығарады.

Әсет Бисенов, Франкфурт қаласының тұрғыны:

Күнделікті біз өзіміздің қоқыстарды төрт түрге бөліп жинаймыз үйде. Ол қоқыстардың төрт түрі далада да солай тұрады. Әр түрінің өзінің түс келбеті бар. Егерде мен бір қоқысты арасына салып жіберсем оған айыппұл төленеді. Ол жер-жерге байланысты 60-80 еуродан басталуы мүмкін. Ал ол 2-3 рет қайталанса өте қымбат айыппұл болуы мүмкін. Немесе бас шектеуге дейін баруы мүмкін.

Бұл елдің азаматтары өзінің ғана емес, өзгенің де тәртіпті сақтауын қадағалайды.

Әсет Бисенов, Франкфурт қаласының тұрғыны:

Германияда бір қызығы көршілер қадағалайды бәрін. Мысалы бізде үлкен апалар, аталар, әжелер Германиядағы олар сенің жұмысыңды қадағалап отырады. Егерде дұрыс болмаса саған ескерту жасайды. Егер сен ескертуді қабылдамасаң ары қарай полицияға шағымданады.

Бірақ, көше тазылығы деген тек қоқыс емес қой.

Әсет Бисенов, Франкфурт қаласының тұрғыны:

Германияда қыстыңгүні азаматтар өзінің қақпасының алдындағы тротуар бар ғой.Сол тротуарды менің үйімнен шыққаннан кейін мен жинауға міндеттімін. Тек қана жинап емес мен оның қарын тазалап, тұз себуге міндеттімін. Егерде менің үйімнің алдында бөтен азамат көшеде өтіп бара жатып құлап қалса, мен оған жауаптымын.

 Еуропаны былай қойғанда іргедегі Өзбекстанның өзі тазалық жағынан көш ілгері екені рас. Көшедегі жасыл-желек, тап-тұйнақтай жолдары өз алдына. Өзбекстанда қоқыс-қалдықты өңдеу қолға алынған. Оның аясында өңдеуге жарайтын тұрмыстық қалдықтар үшін мемлекет тұрғындарға ақша төлейді. Ол үшін халыққа арнайы QR-коды бар қалташалар тегін беріледі. Жұрт қоқысты тастамай тұрып сұрыптап алуы қажет.

Собур Машрапов, «Zero waste» компаниясының бөлім басшысы:

Өзбекстан Орталық Азия елдері бойынша тереңдетіп өңдеу ісінде өзгеше әдісті қолға алып отыр. Тұрмыстық қалдықтың жарамдысын қайта өңдеу мен жарамсызын өртеп жою барлық қоқыс полигондарында кезең кезеңімен жүзеге асырылады. Мақсат-тұрғындарға жайлы өмір сыйлау, қызмет сапасын арттыру.

Сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы да күндіз-түні бақылау жүргізіледі. Ал кез келген тұрғын шашылып жатқан қоқыс көрсе, видеоға немесе фотоға түсіріп, тиісті органдарға жібереді. Мұндай азаматтарға мемлекет тарапынан арнайы сыйақы төлеу де қарастырылған.

Елдос Есенбол, тілші:

Ертең санаулы күннен соң мынау ағаштар бүршік жарады. Айнала жасыл-желекке оранады. Адамдар осы маңда жүріп серуендейді. Ал егер құр серуендемей, пайдамды тигіземін десеңіз, осылай қоқыс жинауға бо ады. Мұнда қоқыс көп.

Ал Қазақстанның басқа емес, бас қаласының өзінде осындай көрініс көлбеңдеп шыға келеді.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

ӨКМ жүйесі мемлекеттік операторға берілгеннен кейін қажетті құжаттар уақытылы дайындалған жоқ. Оған байланысты қалдық жинаушылар 2 жыл бойы төлемін ала алған жоқ. Соның арқасында көптеген қалдық жинаушылар банкрот болды. Жан-жақтың бәрі қалдық шашылып жатыр қазіргі уақытта Есілдің айналасын көрсеңіз де.

Он бес шақты елде болдым. Атап айтар болсақ бұл Еуропа елдері. Таяу шығыс елдері. Өзімізге жақын Өзбекстан, Әзірбайжан... Одан бөлек Вьетнам. Соңғы рет Қытайға барып келдім.

Базарбек Қамысбаев, экоблогер:

Соңғы Еуропада болған кезде мән бергем нәрсем мысалы бізде Астанада қатты тайғақ болған кезде құм, тұз себеді. Және ол күн еріген кезде лай болып балшық болып қайтадан бүлінеді ғой. Ал Еуропада менің бір байқағаным құм мен тұздың орнына ұсақ қиыршық тас қолданады екен да. Күн жылынған кезде оны қайтадан сыпырып алып бірнеше рет қолданады екен.

Негізі экологиялық мәдениеті жоғары азаматтар бізде де бар. Бірақ аз. Солардың бірі - Базарбек Қамысбаев.

Базарбек Қамысбаев, экоблогер:

Мысалы өзіммен бірге матадан тігілген сөмке, шопер қолданамын. Барынша пластик пакеттерді пайдаланбауға тырысамын. Өзіммен бірге кофе алған кезде оны арнайы ыдысқа құйып алуға тырысамын. Кофеханалардан өзіңізбен бірге кофе алатын болсаңыз арнайы 10-15 пайыз жеңілдіктер де қарастырылған. Бес жылдан астам уақыт болып қалды енді. Қазақ тілінде блог жүргіземін. Өкінішке қарай қазақ тілді ортада ақпарат өте аз. Миссиям ретінде барынша насихаттауға тырысып жүрмін.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Экологиялық мәдениет деген неден басталады? Экологиялық мәдениет деген мемлекеттік саясаттан басталады. Сол мемлекеттік саясатты дұрыс қаржыландырудан басталады. Бізде экологиялық кодексте бәрі жазылып тұр. Ол экология министрлігінің міндеті және оның жұмысы деп жазылып тұр. Утильалым деген қалдықтарды жинау, өңдеуге жұмсалу керек деп жазылып тұр. Жергілікті деңгейде қалдықтарды жинау, тазалау әкімдіктің міндеті деп жазылып тұр. Жүйелі шешімдер қабылданбаса одан ешқандай нәтиже болмайды ондай акциялардан.

Расында таяқтың екі ұшы бар. Ұйыспағандар да, ұйыстыра алмағандар да кінәлі. Әйтпесе Германиядағыдай сұрыптау жәшіктері бізде де қойылды емес пе?!

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу