Атбасарда қауіп сейілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасарда қауіп сейілмей тұр

12.04.2024

Кеше 100-ден аса үй суға кеткен Атбасарда жағдай әлі күрделі. Соңғы ақпарат бойынша Жабай өзенінің деңгейі 6 метрден 20 см-ге ғана төмендеген. Төтенше жағдай жарияланған аймақта жүрген тілшіміз Тәуірбек Бозекен тікелей байланысқа шыққалы тұр. Тәуірбек, Атбасардағы қазіргі ақуал қандай?

Тәуірбек Бозекен, тілші:

Кешеден бері ағысы қатты Жабай өзеніне жақын маңда орналасқан 300 үйдің тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Соңғы дерек бойынша 127 жай су астында қалған. Ол жердегі 113 адамды дереу эвакуациялап үлгерді. Ал 200-ден аса үйдің ауласына су ғана кірген.

Ал бүгін таңертең Атбасар қаласына Шымкент пен Жамбыл облысынан 100-ге жуық құтқарушы арнай техникаларымен келіп жетті. Қазір олар Ақмола облысының құтқарушыларымен бірлесіп екі су астында қалған мектеп пен үйлердің ауласындағы суларды сору жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ жаңа ғана Атбасар қаласына Жамбыл облысынан 42 тонна гуманитарлық көмек келіп жетті. Біз бірер минут бұрын Атбасардағы жағдайды толық білу үшін аудан әкімі мен тұрғындарынан сұхбат алған едік. Назарларыңызға ұсынамыз!

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

Бір жарым метрге, судың деңгейі көтеріліп біздегі Атбасар қаласын қорғап тұрған саздан соғылған бөгеттің үстінен су өтіп кетті. Жеті жерден су өтіп кетті. Қазіргі таңда халыққа естірттік, бірінші көмегіміз әр жанұяға үйлеріне су кірген, зардап шеккендерге 360 мың теңге көлемінде көмек көрсетеміз деп. Бүгіннен бастап адамдардың өтініштерін алып соны дайындап жатырмыз, амандық болса.

Андрей Дроздов, қала тұрғыны:

Кеше қала бойынша таңда соғылған дабылды үйде бірінші болып мен естідім. Бірден отбасымды қауіпсіз жерге көшіріп, келесі көшеге барсам, үйлер суға кетіп жатыр екен. Түске таман өзен суы көз алдымда біздің үйге де жетті. Қазір су кішкене ғана кеткен. Бірақ, қауіп әлі бар сияқты. Себебі, Жаба өзені әбден лайланып, жан-жаққа жайылып кеткен.

Аудан әкімі Атбасарда су тасқыны екінші рет қайталануы мүмкін дейді. Себебі, Жабай өзенінің ағысы тым қатты. Су деңгейі қалыпты нормаға түспей тұр. Біз кешеден бері осы жақтағы жағдайды бақылап отырмыз. Мамандар әсіресе қала маңындағы елді-мекендерге қауіп төніп тұр дейді. Бірақ оны болдырмас үшін құтқарушылар қолдан келгенше бөгеттер салып, тұрғындарға ескертіп жатыр. Сондықтан, аудан әкімі төтенше жағдай режимі әлі сақталады деп отыр.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу