Атырауда Жайық өзенін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Жайық өзенін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр

09.04.2024

Қазір Атыраудың 7 ауданында тасқынның алдын алу және салдарымен күрес жұмыстары жүріп жатыр. Апаттың бетін қайтаруға арналған кешенді шаралармен Мәжіліс депутаттары танысып, жұмыстың сапасын қадағалап жүр. Аймақта жүрген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тікелей байланысқа шығып, жағдайды баяндауға дайын.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жайық өзеніндегі су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Сондықтан жергілікті билік пен тұрғындар бірігіп сай-саланы бітеп жатыр. Міне өздеріңіз көріп отырсыздар, мұндағы жұмыс өте қызу. Облыс аумағында ұзындығы 100 шақырымнан асатын бөгет салынып, ескілері нығайтылуда. Оған 500-ден астам техника жұмылдырылған.

Топанға қарсы кешенді шаралармен күрес жұмыстарының сапасын қадағалау үшін аймаққа арнайы Мәжіліс депутаттары келген. Олар қызыл судан қорғанудың түрлі жолдарын ұсынып жатыр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Әр ауылдың маңында блокада жасап тасқыннан алып қалу керек. Себебі су жайылады. Сол кезде су кіріп-кетпес үшін жан-жағына бөгет жасап, арал-арал қылып алып қалу керек. Дәрі-дәрмек, азық-түлік қорын жасап алу керек. Қатты ауру адамдарды облыс орталығына шығарып жіберу керек. Сондай жұмыстарды жүргізу керек деп кеше аудан әкімімен ақылдасқанбыз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Айта кету керек, әр ауданда бөгет салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тіпті бөгет басына шатыр тігіліп, арнайы штаб өкілдері мен тұрғындар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Мамандар, топан су күтілетін жоққа шығармайды. Сондықтан Атырау халқын кез келген жағдайға, әсіресе эвакуацияға дайын болуға шақырады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Атырау облысында шаруашылық бағытында қолданатын 16 канал бар. Қазір олар тазартылып, қазылып жатыр. 

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу