Тасқынға тап болған аймақтарға шығыстағы ел-жұрт та гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Аймақтағы әрбір аудан мен қалада арнайы орындар ашылды. Өскемен қаласының өзінде 4 жерде зат қабылданып жатыр. Онда азық-түлік пен киім-кешек қана емес, кейбір жеке компаниялар қаржылай да көмек беруде.
Гуманитарлық көмектің бір бөлігі облыстағы орталық волонтерлер кеңсесінде жиналып жатыр. Бұл жердегі еріктілер әрбір затты түріне қарай бөледі. Әсіресе азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексереді. Одан соң жөнелтуге дайындайды.
Айдос Әділбеков, облыстық Волонтерлар фронт-кеңсесінің жетекшісі:
Қазір облыс, қала деңгейіндегі волонтерлер осы жұмысты белсенді араласуда. Бұдан бөлек, аудандарда да гуманитарлық көмектер жиналды. Осының барлығын облыс орталығында жинап, одан кейін қай өңірлерде, қандай заттарға тапшылық бар, тиісінше сұрату бойынша жіберіп отыратын боламыз.
Облыстық волонтерлар клубы қайырымдылық жұмысының ауқымын одан ары кеңейтуді жоспарлап отыр. Ал гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға Қазақстан халқы Ассамаблеясының өңірлік өкілдері де ат салысып жатыр. Достық үйі жанынан заттарды қабылдайтын орталық ашты.
Равыиль Юнусов, ҚХА өңірлік штабының жетекшісі:
Гуманитарлық көмек жинау туралы ұсынысты бірден қолдадық. Соңғы үш тәулікте бірнеше тонна зат жиналды. Негізінен азық-түлік және гигиеналық заттар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.
Жұмысты жалғастырғандардың қатарында Өскемендегі қос жоғарғы оқу орны да бар. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жарты күн ішінде 400 қорап зат жинап, қарғын су басқан өңірлерге жіберді. Ал технкиалық оқу орны эвакуциялық орындарды паналап отырған тұрғындарға керек-жарақты іріктеп алып жатыр. Оған қоса қаржылай да көмектесті.
Нұрбек Сапарходжаев, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ проректоры:
Одан бөлек, өз ұжымымызбен біріге отырып шешім қабылдадық, бір күндік жалақымызды жинап, сол аймақтарға, жерлестерімізге жібереміз деп шештік. Ұжымымызда 1000-нан астам адам жұмыс істейді, орташа шамамен алған кезде 3 миллионнан астам теңге жібереміз.
Өңірдегі ірі өндіріс пен жекелген ұжымның жұмысшылар да бір күндік еңбекақыларын аударуға дайын. Ал бұған дейін аймақтағы тау-кен саласындағы ең ірі компаниының бірі 800 миллион теңге аударды.
Олжас Керейхан