Жамбылдағы су станциясы сапасыз салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдағы су станциясы сапасыз салынған

03.04.2024

Жамбылдағы Жарлысу ауылының халқы үш жылдан бері таза ауыз суға жарымай келеді. Өйткені 400 млн теңгеге тұрғызылған су сорғы станциясы сапасыз салынған.

Салдарынан құбырдан су шықпақ түгілі тамшы да тамбайды. Тұрғындар бұған өз міндетін атүсті атқарды деп мердігерді кінәлайды. Айтуларынша, үш жыл бұрын іске қосылған нысан үш айдан кейін істен шыққан. Ал аққан суы ащы болып, құрамынан адам ағзасына зиянды химиялық элементтер табылған. Тексере келе тендерді ұтқан компания ұңғыманы терең қазбағаны анықталған.

Айдар Арғынбеков, ауыл тұрғыны:

Ауылда су тапшы болғаннан кейін, XXI ғасыр, пәленбай млрд ақша бөлінгеннен кейін халық қалай жыламасқа, рас қой. XXI ғасыр шетелдегілер батырманы басып қойып, су ішіп отыр ғой. Ал біз шелекпен тасып жүрміз, баяғы аталарымыз, апаларымыз ұқсап есек арбамен тасып жатырмыз. 
Қазір тіршілік нәрінен тарыққан 200 түтін ескі станциядан су ішіп отыр. Күніне 4 сағатқа ғана беріледі. Ал әкімдік ауылға су жеткізуді мойнына алған серіктестікті сотқа берген. Келісімшарт бойынша компанияның 5 жылдық кепілдігі бар. Сондықтан олар екі жерден ұңғыма қазуға кіріскен.

Жасұлан Өмірқұлов, Т.Рысқұлов ауданы ТҮКШ жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Бір айдың төңірегінде нақты шешім – судың бар, жоқтығында. Ары қарай су жоқ болған кездегі қадамымыз жөнінде су 200 метрге жеткеннен кейін ғана айта аламыз нақты шешімді.


Хабарламаларға жазылу