Ақтөбе облысында үш мыңға жуық мал қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында үш мыңға жуық мал қырылды

02.04.2024

Ақтөбе облысында тасқынның салдарынан үш мыңға жуық мал қырылды. Бұзылған қора-жайлар мен су астында қалған техника да көп. Жұрт өлген малдың өтемі қалай болады деп алаңдаулы. Ал, жауаптылар төрт түліктің қара базардағы құны есептеледі дейді. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

«Облыста 300-ге жуық жылқы, 600 бас сиыр, екі мыңнан аса қой ешкі және жеті түйе өлген. Бұл сан әлде де өсуі мүмкін. Себебі, кейбір аудандарда түгендеу жұмыстары енді ғана басталды».

Бұл Алға ауданында орналасқан шаруа қожалықтарының бірі. Қырдан келген ағын су қора-қопсыны түгел жайпап өткен. Құтқарушылар малшылардың өзін әрең дегенде қайықпен алып шыққан. Осылайша, Шадияр Мұхаметалин бір күнде 33 бас сиырынан айрылды. Одан бөлек 30 тонна бидайы бүлінген. Енді ол өтемақы дұрыс төленсе дейді. Өйткені, шаруа қожалығы орналасқан ауданда төтенше жағдай жарияланған жоқ.

Шадияр Мұхаметалин, қожалық иесі:

«Судың деңгейі түскеннен кейін аулы әкімі мен ветврач келіп, польный видеофиксация істелінді. Енді ары қарай кредитіміз бар, жұмыс істеу керек. Үкіметтен көмек сұраймыз».

Бұл бейнекөрініс Ырғыз ауданында түсірілген. Түйе өз иесінің көз алдында суға ағып кетті. Төрт түлік әсіресе, Ойыл, Қобда мен Темір аудандарында көп өлді. Қазір аудандарда мал басын түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Деректерді жинаумен ауыл әкімдері мен учаскелік мал дәрігерлері айналысады.

Панабек Бимұратов, Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

«Тіркеуде тұрғаны, құлағындағы белгілерінің болуы – міндетті түрде есептеледі. Өйткені, боулы тиіс. Оған қағида жасалады. Қалай беріледі, қандай жолмен беріледі, қандай құжат тапсырылуы керек, оны алда қосымша айтатын боламыз».

Қазір облыстағы кейбір шаруашылықтар мен елді мекендерге әлі қатынас жоқ. Сондықтан, ол аумақтардағы шығын енді есептеледі. Жауаптылардың айтуынша, өтемақы төленер кезде әр малдың қара базардағы құнына да назар аударылады. Ал, шаруалардың несиесі мен субсидияға алған техникаларына қатысты сұрақтарға әлі нақты жауап жоқ. Дегенмен, қаржы институттарына ұсыныстар жіберілген.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу