Қанат Бозымбаев тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Бозымбаев тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесті

01.04.2024

Су тасқынынан кейін Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Қанат Бозымбаев өңірлерді аралауды бастап кетті. Вице премьер бүгін қарғын судан зардап шеккен Қарағанды облысына барды. Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі және облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге тікұшақпен су басқан ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Республикалық штаб орынбасары қатты зардап шеккен Шет ауданына барды. Бұл аймақтағы төрт ауылда 40-тан астам үй суға кетіп, 300-дей адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазір судың беті қайтып, тұрғындар баспанасына орала бастады. Қанат Бозымбаев облыс басшысына сараптама жұмыстарын барынша ашық өткізуді тапсырды. Ал тұрғындарға материалдық шығын толықтай өтелетінін айтты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Бірде-бір азамат, апаттан шығыны болса, ол жалғыз қалмайды. Мемлекет көмектеседі. Үйге зақым келсе, қалпына келтіреміз. Егер үй жарамаса, жаңа үй саламыз, сатып аламыз. Қарағанды облысының шамасы келмесе орталықтан қаржылай көмек көрсетеміз.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу