Түркісой ұйымының бастамасымен Ашхабадта түркі әлемінің тұңғыш медиа форумы өтті. Оған 15 мемлекеттен 70-тен астам БАҚ өкілдері келген. «Жиын ақпараттық саладағы ынтымақтастыққа, тәжірибе мен контент алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашты»,- дейді қатысушылар.
Форумға «Түркі мәдениетінің тұтастығы мен ақпарат құралдарындағы рөлі» тақырыбы арқау болды. Түркі әлемінің алыптары – Науайы мен Абай, Мақтымқұлы мен Айтматов философиясы өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Осы ретте түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау жайы баса айтылды
Нағашыбек Алдан, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы:
Барлық ғұлама ойшылдарымыз ортақ, қазір бірін түркімен бірін қазақ деп бөлеміз әлбетте, тұрған жеріне байланысты, бірақ мыңдаған жыл бұрын оның барлығы бір түркінің ойшылы, ақыны батыры болған. Сондықтан ары қарай тарихты зерттеген сайын бөлетін емес, біріктіретін факторларға кездесетін боламыз.
Форумның Ашхабадта өтуі тегін емес. Түркіменстан соңғы жылдары медиа кеңістікте белсенді бола түсті. Елде 8 телеарна, 16 газет-журнал мен бірнеше ақпараттық сайт бар. Түркісойдың шешімімен Анау қаласы биыл түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Жиын сондай ақ ақын, философ Мақтымқұлының туғанына 300 жыл толуына орайластырылған.
Абдыкадыр Сұлтанбаев, Қырғызстан журналистер одағының төрағасы:
Ақын жазушыларымыздың шығармалары да біздің елдерімізді жақындастыратынын естен шығармауымыз керек. Мысалы біз қазақ елінің қаламгерлерін қызыға оқимыз. Ұлы Абайдың, Мұхтар Әуезовтің жазған туындылары бізге етене таныс.
Халықаралық форумға түркі әлемінен бөлек Еуропа мен араб елдерінің өкілдері келді. «Цифрлық БАҚ пен жаңалықтар», «Фильмдер, анимациялар мен кинофестивальдер» тақырыбы да қамтылды. Түркия мен Ресей арналарының өкілдері, Еуропалық хабар тарату одағының медиа менеджерлері ақпараттық саладағы ынтымақтастық, тәжірибе мен контент алмасу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Базаркүл Отыншиева