Батыс Қазақстанда бес аудан мен Орал қаласындағы 200-ден астам үйге қарғын су кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда бес аудан мен Орал қаласындағы 200-ден астам үйге қарғын су кірді

27.03.2024

Батыс Қазақстан облысының бес ауданы мен Орал қаласында 200-ден астам үйге қарғын су кірді. Қала мен Қаратөбе ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қала әкіміне қатаң сөгіс берілді. Қазір аймақтағы тілшіміз Ардақ Мұратқызы бізбен тікелей байланысқа шығуға дайын тұр. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Өңірде 200-ден астам тұрғын үйге су жайылған. Бұл ресми дерек. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, 130 үйге қарғын су кіргендіктен, 600 адам мектеп ғимаратына эвакуцияланған. Одан бөлек, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарында 90 үйге су тараған. Теректі ауданының Аңқаты және Подстепное ауылдарындағы 40 үйдің тұрғыны мектеп-интернаты мен колледж жатақханасына жеткізілді. Ал, Оралдағы 20 жеке үй мен 5 көпқабатты тұрғын үй және 17 әлеуметтік нысанның жертөлесіне су жайылды. Қауіптің алдын алмағаны үшін өңір басшысы қала әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына да ескерту берілді. Аймақта өзендердегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Тасжолдардың 26 бөлігін су шайған. Қазір тасқынмен күресуге 700-ге жуық адам мен 200-ден астам техника жұмылдырылған.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүріп жатыр.

Эльмира Кәленова, тілші:

Әзірге өңірде жағдай тұрақты. Мамандар болжамынша, 87 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін. Ірі өзен-көлдерде кептеліс болмауы үшін 3 ауданда мұз жару жұмыстары жүргізілді. Тасқынның алдын алу үшін облыс бюджетінен қосымша 525 млн теңге бөлінді. Айта кетейік, су тасқыны болуы мүмкін деген елді мекендерде 5 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Мамандар халыққа табиғи апат болған жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Жалпы қыс басталғалы ауыл-аймақтан 1 млн 800 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бұл соңғы 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Хабарламаларға жазылу