Атырау облысында «Тайсойған-Миялы-Ойыл» тас жолы салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында «Тайсойған-Миялы-Ойыл» тас жолы салынып жатыр

26.03.2024

Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғындары көктем мен қыс айларында жол азабын тартып келеді. Әсіресе құмдағы Тайсойған ауылының халқы аудан орталығына қатынайтын жалғыз жолдың сау тамтығы қалмағанын айтады. Осыған байланысты былтыр ел игілігі үшін жаңа жолдың құрылысы басталған болатын. Жұмыс барысымен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт танысып қайтты.

800 тұрғыны бар аядай ауылдың құжат, банк, аурухана және т.б. мәселелері аудан орталығы Миялыдан шешіледі. Жол азабын жүрген біледі» демекші, халық осы уақытқа дейін бейнет көріп келді. Енді жаңа жолдың құрылыс аяқталса жағдай едәуір жақсармақ.

Мәди Төлеуішов, ауыл тұрғыны:

Бұрын енді қара жолмен жүріп жүрдік қой. Шағыл. Барып келудің өзі сағат жарым, екі сағат уақыт алады. Осы енді ыждағаттап бітсе, халыққа жақсы жолдың салынғаны.

Тайсойған-Миялы тас жолының ұзындығы 46 шақырым. Құрылыс жұмыстарына 70 шақты техника мен 200 дей адам тартылған. 4-ші санатты асфальт жолдың 35 шақырымында жер тегістеу жұмысы аяқталды.

Бақытжан Ізтілеуов, мердігер мекеме өкілі:

Асфальттің ені 6 метр. 2 қабат асфальт және жергілікті жердің рельфін бақылап қарап, 12 суағар тұрбалар салынады. 1 метрлік 4 дана сосын 1,5 метрлік 6 дана және көп су тұратын 2 жерде 4.5 метрлік мал өтетін өткел болады.

Қазір өңірде көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған кешенді бағдарлама жүріп жатыр. Биыл аудандық, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге арналған 34 жоба қолға алынады.

Нұралы Әбишан, Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының өкілі:

Атырау-Индер, Миялы-Сағыз автокөлік жолдарын және Мақат, Индербор, Махамбет, Аққыстау, Құрманғазы, ауылдарынының кірме жолдарын орташа жөндеу жұмыстары биыл жоспарланып отыр.

Жол жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңіне жергілікті бюджеттен 24 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Күн жылынса жұмыстар қарқын алмақ. Сондай-ақ, Атырау қаласы бойынша да 22 жоба қарастырылған.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу