Наурызнаманың жетінші күні - Ұлттық спорт күні. Айтулы дата биыл бірінші рет аталып өтті. Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде болған шараға мұхит асып арнайы АҚШ-тан қонақтар келді. Ұлттық спортымызды ұлықтауға арналған жиында адам қарасы көп болды. Жалпы, елде ұлттық спортпен айланысатындар саны көбейген. Былтырған статистика бойынша олардың саны - 600 мыңнан асады. Толығарық әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.
Қазақтың ұлттық спортына шетелдіктердің қызығатынына тағы бір дәлел - АҚШ мен Қазақстан командасы арасындағы көкпардан жолдастық кездесу. Кавбойлар мен шабандоздар арасындағы тартысты ойында Ұлттық құрамасы оғландары жеңісті қолдан бермеді. Бұл көрермендер үшін керемет тосынсый болды.
Кейси Филд, ковбой:
Мен 16 жылдан бері ковбоймын. Ал, былтыр көкпарға бірінші рет қатысып көрдім. Маған қатты ұнады, сондықтан қазір бұл спорт түрімен жүйелі түрде машықтанып жүрмін.
Бұдан бөлек, көрермен назарына аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақтан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сағаттары ұсынылды. Жиынға қатысқан Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше қызығушылық пен танымалдылық артып келе жатқанын айтты.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
Қазақтың ұлттық ойындары – мәдени-патриоттық тәрбие беруде ұтымды құрал. Денсаулықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі септігін тигізеді. Бүгін ел ішінде өткізіліп жатқан ат жарыстар, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту сияқты турнирлер азаматтарға шынайы мереке салтанатын сезінуге мүмкіндік беруде.
Бұл күн – қазақтың ұлттық спортының дамуына серпін береді, дейді қауымдастық президенті Исламбек Салжанов. Сонымен бірге, Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында бұл күннің аталып өтілуі бүкіл жанкүйер үшін қуанышты жаңалық болғанын жеткізді.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:
Соңғы жылдарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт қарқынды дамып келе жатыр. Биыл қыркүйекте астанамызда үлкен халықаралық іс-шара өтейін деп жоспарланып жатыр 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Соған бізге 100-ден астам мемлекеттен 5000 астам спортшы 15-20 мыңнан астам шетелдік туристер келеді деп жоспарлануда.
Елімізде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны да көбейіп келеді. 2022 жылы 584 мыңнан аса адамды жүйелі түрде шұғылданса, былтыр 619 мың адамға дейін өскен.
Асылбек Данияр