Петроглифке бай Ешкіөлмес жотасы вандалдардың кесірінен бүлініп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петроглифке бай Ешкіөлмес жотасы вандалдардың кесірінен бүлініп барады

19.03.2024

Еуразия құрлығындағы петроглифке бай - Жетісудағы Ешкіөлмес жотасы вандалдардың кесірінен бүлініп барады. Ал Талдықорғанның іргесіндегі Қызылтас археологиялық кешенінде жарылыс жұмыстары жүріп, таңбалы тастар бастапқы келбетінен айырылған. Атыраудағы құрылтайда Мемлекет басшысы осы тарихи жәдігерлерді бұдан былай көздің қарашығындай сақтауды мықтап тапсырды. Қуаныш Қанатұлы ежелгі ескерткіштердің жай-күйін көріп келді. 

Қызылтас археологиялық кешені тарихи ескерткіштерге өте бай. Бұл жерде сақ қорғандары да бар. Түрлі петроглифтерді де кездестіруге болады. Алайда соңғы кездері біз мұндай тарихи құндылықтарымызды өз деңгейінде бағалай алмай келеміз. Өйткені дәл қазір менің ту сыртымда тау тастарды қопару жұмыстары жүріп жатса, ал мына жерде былтыр сақ қорғанын тонап кеткен.

Қаскөйлер сақ қорғанын жермен жексен қылып екі жерден терең шұңқыр қазған. Не алып, не қойғаны белгісіз. Белгілісі, рухани мұра қолды болып жатыр. Ал бұл Қызылтастағы жарылыстан пайда болған түтін. Маңайдағы тұрғындар түсіріп алған. Дәл тау-тасты қопсытып жатқан жерде таңбалы тастар болған дейді, куәгерлер. 

Влад Ументаев, қала тұрғыны:

Жарылыс болған жерден сәл төменірек таңбалы тастардың тұтас бір галереясы бар. Ал олардың жарылыстарды тоқтатар түрі жоқ. 

Динара Бәкірова, қоғамдық ұйым жетекшісі:

Мемлекеттің тезірек бұл жерді өз қорғауына алуын қоғам болып сұраймыз. Бұл жерде жарылысты тоқтатып, құжаттарын дұрыстап, геопарк ашып, визит орталық салу керек. Сонда ғана тарихи мұрамызды сақтап қаламыз.
Президент құрылтайда тілге тиек еткен Еуразиядағы ең ірі петроглифтер жиынтығы орналасқан Ешкіөлмес жотасында да жағдай мәз емес. Таңбаның үстіне таңба салып, өз есімін әспеттегендердің шимай-шатпағынан көз сүрінеді. Тастағы тарихты саф күйінде сақтап қалудың бір жолы Юнеско тізіміне тіркеу дейді мамандар. 

Жандос Адамжанов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының бөлім меңгерушісі:

Ешкіөлмес петроглифтері қазірдің өзінде Юнесконың алдын-ала тізімінде бар. Болашақта Қазақстан Республикасының Үкіметі, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны Юнесконың мәдени мұра тізіміне кіргізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Таңбалы тастар, сақ қорғандары - дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы тарихи нысандардың жойылып кетуіне жол бермей мұқият қорғалуын тапсырды. Қажет болса, тиісті заңнамаларға өзгерту енгізуді де ескертті.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу