Ойыл өзені заңсыз бөгеттердің кесірінен тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ойыл өзені заңсыз бөгеттердің кесірінен тартылып барады

24.02.2022

Ойыл өзенінің арнасы биыл да толмай қалуы мүмкін. 3 жыл қатарынан мүлдем тасымаған өзеннің суы, заңсыз салынған бөгеттердің кесірінен құрдымға кетіп барады. Ең сорақысы жауаптылар бөгеттерді бұзу кезінде көзбояушылыққа барған. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали қоғам белсенділерімен бірге экспедицияға шығып, олқылықты өз көзімен көріп келді.

Бет алған бағытымыз Ақтөбе облысының аумағы. Қар қалың. Діттеген жерге діңкелеп әзер жеттік. Бірінші тоқтаған нүкте Ойыл ауданындағы Ақшатау сайы. Маусымында мұнда шамамен 200 мың текше метрге дейін су жиналады. Ойылдың суын ойсыратып бара жатқан иесіз ірі бөгеттердің бірі осында орналасқан. Ұзындығы 600, ал биіктігі 5 метрге жуықтайды. Өткен жылы бөгет бұзылуы тиіс еді. Алайда төбе боп үйілген топырақтың тек үштен бірі ғана алынған. Талап бойынша, табанына дейін күрелуі керек еді.

Есенбай Нұров, Қызылқоға ауданының тұрғыны:

Мынау бұзуға жата ма, жатпайды ғой. 2 метрдің үстінде биікте жатыр. Олай болатын болса біз болашақта да Ойыл өзені толмайды. Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы мынау 18 мың халыққа, қаншама малдары бар, солардың барлығы да биыл да сусыз қала ма деп біздер алаңдаулымыз.

80 километрді артқа тастап Шығанақ Берсиев атындағы елді мекеннің маңына келдік. Мұндағы өзен бойына өткел салынған. Кілкіп жиналған су тек шағын екі тұрбамен ғана сыздықтап ағып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл – АщыОйыл өзені. Тікелей Ойылға құяды. Мұнда 1960 жылдары салынған үш бөгет бар. Осы бөгеттердің кесірінен су бір жерге жиналып, жерге сіңіп, құрдымға кетіп жатыр.

Бүгінге дейін 10-нан астам экспедиция ұйымдастырылды. Комиссия Ойыл өзенінің бойынан заңсыз салынған 57 бөгетті анықтады. Бар болғаны алтауы ғана бұзылды. Оның өзінде жұмыс шала істелген. Бұған жауапты Ақтөбе облысының әкімдігі істі неліктен аяғына дейін жеткізбегені жайлы түсінік бермеді. Жалпы, Ойылға құятын өзге де су айдындарында жағдай оңбай тұр.

Азамат Қаленов, экспедиция мүшесі:

Жалғыз Ойылдың ғана емес, осы Ойылға құятын басқа сала өзендердің оның ішінде Қиыл өзені, қазір осы жерде тұрған АщыОйыл өзені бар, Жарсай, Шығырлы құмды, Құмды, басқа өзендердің бәрі осы Ойылды толықтыратын өзендер. Олардың да қазіргі кезде жағдайы мәз емес.

Ойыл – халық үшін аса маңызды. Өзеннің құрғауы - Атырау бөлігінде орналасқан 300-ден астам қожалық пен жағалай қоныстанған 8 ірі елді мекенді тығырыққа тіреп отыр. Министрлік проблеманы жуық арада шешеміз дейді.

Мақсат Аяшев, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

Қазіргі таңда жұмыстар жасалып жатыр. Біздің тарапымыздан жергілікті «Қазсушар» филиалы оған спецтехника, көмек жасап жатыр.

Осы айдың соңына дейін екі бөгет бұзылады. Жалпы биыл 12 бөгет күрелуі тиіс. Жоспар орындалмаса белсенділер Ойылдың тағдырына бей-жай қарап отырған Ақтөбедегі атқарушы билікті сотқа бермек.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу