Астаналықтар жылуға 3 млрд теңге артық төлеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтар жылуға 3 млрд теңге артық төлеген

19.03.2024

Астаналықтар жылуға 3 млрд теңге артық төлеген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлады. Енді елорданы жылумен қамтып отырған «Астана-Теплотранзит» мекемесі тұрғындарға қаржыны қайтаруы керек. Бұл қалай жүзеге асады және тариф арзандауы мүмкін бе? Мамандармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қаңтардан бері астаналықтар коммуналдық төлемдердің күрт қымбаттағанын байқады. Әсіресе жылу мен жарықтың бағасы өсіп кетті. Жыл басынан жылу мен ыстық судың тарифі 20 процентке қымбаттағаны белгілі. Алайда, коммуналдық қызметтің құнын есептеген елордалықтар тиісті ақысынан артық төледік дейді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Коммуналдық төлемдердің тым қымбаттауына қатысты тұрғындар шағымынан кейін жауапты мекеме жылу тарататын «Астана-Теплотранзит» мекемесінің қызметіне тексеру жүргізген. Нәтижесінде компанияның жауапты инспекторлары бірақатар заңбұзушылықтарға барғаны анықталды. Сондай-ақ тарифтік сметадағы қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны да әшкерелеген. Салдарынан астаналықтар коммуналдық қызметке 3 млрд теңгені артық төлеген.

Зура Сардарбек, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті астана қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы:

Яғни, жұмыстың көлемі неғұрлым үлкен болса, тариф төмендейді. Субъект тарапынан жұмыс көлемі ұлғайған, ал тариф төмендетілмеген. 2019-2021 жыл аралағында болған заңбұзушылықтар үшін 3 млрд теңге көлемінде тарифті төмендету арқылы шешім қабылданды. Бұл сома Астана қаласының тұрғындарына тарифті төмендету жолымен қайтарылады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Яғни, табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдері айтып отырған 3 млрд 149 млн теңге астаналық тұрғындарға ақшалай емес, тариф аясында қайтарылады. Нақтырақ айтсақ, бірінші сәуірден бастап жылу тарифі 8 пайызға арзандайды. Сәурдің ортасынан жылу маусымы аяқталатынын ескерсек, өтемдік тариф уақытша тоқтайды. Сосын жылу маусымы басталған қазан айында қайта қосылады. Осылайша, миллиардтар толық өтелмейінше жылуға тариф арзан болуы тиіс.

Хабарламаларға жазылу