Қардың суы ешқайда кетпейді. Өзенге де жетпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қардың суы ешқайда кетпейді. Өзенге де жетпейді

17.03.2024

Көктем келіп, күн жылынғаны сол еді, қар еріп, су таси бастады. Бүгінге дейін 30-дан астам үйді су басып, бірнеше аулаға қарғын су кірген. Тасқын су 10 көлік жолын шайып кеткен.
Жомарт Асқаров, Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының міндетін атқарушы:

Су басуға табиғи факторлардан басқа су бұру арналарының, арықтардың зардап шеккен елдімекендер ішінде арық-дренаж жүйесінің болмауы немесе өткізу қабілетінің төмендігі ықпал етті. Әкімдіктердің су тасқынына дайын еместігі туралы 356 ескерту берілді.

Яғни, биыл да қауіп көп. Жалпы, бұл жылда қайталанатын жағдай. Мысалы, былтыр 350 үйді су басқан. Ал, биыл 10 өңір қызыл деңгейде тұрса, тағы 6 облыс орташа қауіпті аймақта. 217 елдімекенді су басуы мүмкін. Төтенше жағдайлар Министрлігі апаттың алдын алуға тырысып жатқандарын айтты. Елдімекендер маңайында 64 шақырым уақытша бөгет салынған. 2200 шақырым арық тазаланып, 3 мың құтқару пункті әзірленген. Бірақ, жақында Үкімет басшысы дайындық жұмысын қатаң сынаған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Барлық өңірлер "Су тасқынына толық дайынбыз" - деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар зардап шегеді. Яғни, оқу-жаттығулар формальды түрде өткізілетінін, дайындық қағаз жүзінде қалатынын көрсетеді

Қананбай Есбергенов, Қоянды тұрғыны:

Осы қарды 2 рет жаздым, 2 рет бардым әкімге. Ал мынау былай тұр, міне, көрдіңдер ме? Мына көршіні 2 жыл бұрын су басып кетті.

Жалпы, Қояндыда 110 көше бар екен. Соның қарын тазалауға биыл 55 млн теңге бөлінген. Ол қаржыға бүгінге дейін 30 мың текше метр қар шығарылып, 6 шақырым арық тазаланған. Қалған қарды да ерімей тұрып, шығарамыз,-деді ауыл әкімі.

Бақытхан Сұлтанбай, Қоянды ауылының әкімі:

Бұл қарлардың бәрін аламыз. Үлгереміз. Жұмыс жасалып жатыр. Бүкіл ауылдың қарын бәрін шығаруға мүмкіндігіміз де, бюджетіміз де жоқ біздің.

Ерлан Жұмабаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

Солтүстік, Шығыс өңірде түскен қардағы су қоры нормадан 10-20 пайызға, кей өңірлерде 30 пайызға жоғары болып көрсетіліп тұр. Орталық өңірлерде су қоймаларының толу деңгейі бүгінгі күнде 58 пайыз, Шығыс өңірде 77 пайыз. Батыс өңірде 60 пайыз, Оңтүстік өңірде 55 пайызды құрайды.

Қардың көп жауғаны қуантады. Бірақ, екінші жағынан сол қар суы жиналатын қоймалар жағдайы мәз емес. Елімізде жалпы 13 мың гидротехникалық нысан болса, соның 405-і су қоймасы. Бірақ көбі тозған.

Ерлан Жұмабаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

Оның ішінде 7 су қоймасы апатты жағдайда. +537 гидротехникалық құрылысқа жөндеуді талап етеді.  150-і су қойма. Апатты жағдайдағы су қоймалар қазіргі таңда ШҚО, Қарағанды, Алматы облысында бар.

Алысқа бармай-ақ, Астана су қоймасының өзі салынғалы жарты ғасыр өтсе де, бірде бір рет жөндеу көрмеген. Яғни, нысанды жөндеуге ынталы компания жоқ. Өйткені, су қоймасын салу қиын. Жан-жақты сараптама, көп қаржы керек. Бірақ, қауіпсіздік пен сұранысты өтеу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл конкурсты қайта өткізбек. Одан бөлек, 2028 жылға дейін 11 облыста 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Жаңа нысандар 70 елді мекенді қауіптен сақтайды. Сондай-ақ, суарылатын алқап аумағын 250 мың гектарға көбейтеді. Бірақ, мұның өзі су тапшылығын шешпейді,-дейді сарапшы.

Ерлан Бадашев, су саласы бойынша сарапшы:

Біздің жылдағы су қорымыз 100 кубокилометр. Қосымша 20 су қоймасы 2 жарым кубокилометр. Сонда 2-ақ процент өсім болады екен де. Соған бола қаражат шығаруға бола ма?

Астана қаласында биыл қардың түсімі бойынша соңғы 4 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Мысалы, «Сарыарқа» ауданындағы қаладағы қар шығарылатын мына орынға былтыр 1 млн текше метрден астам қар жиналса биылғы көрсеткіш одан әлдеқайда жоғары. Ал қар шығару жұмыстары әлі 1 айға дейін жалғасады.

Денис Огоновский, «Сарыарқа» қар полигонының рейстерді тіркеушісі:

Бұл қардың суы ешқайда кетпейді. Өзенге де жетпейді. Осы маңдағы елдімекендерге қауіп жоқ. Қар ерігенде су осы жерге сіңіп кетеді.

Ерлан Бадашев, су саласы бойынша сарапшы:

Мысалыға, 2022 жылы мынау Астана түбіндегі Жібек жолы ауылында жаздай су болмай қақсап қалды. Астана су қоймасынан су тасқыны кезінде қорқып суды көп тастап жібергенде жазда бірінші Астанаға су беру керек, ана үлкен поселектар су жіберілмейң, ондай болды. Қазір технологиялар, космос сьемка деген, математикалық моделирование, жобалауда қардың қалыңдығына, ауа райына қарап қанша су жиналады бәрін есептеуге болады.  Ал бізде жоқ. Наурыз жақындады ма, бәрін ұмытады да тек суды ағызып жібереді төменге қарай.

Тегін суды сыртқа ағызып жібергеннен бөлек, тасқыннан қорғануға жыл сайын қыруар қаржы жұмсалады. Мысалы, биыл 7 млрд теңге жұмсалады. Ал, қар суын тиімді пайдаланудың жолы табылса қыруар қаржы бөлінгенімен, үйін су басатынын біліп күрсінетіндердің бір уайымы азаяр еді.

Хабарламаларға жазылу