Рудный қаласында әжелер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласында әжелер сайысы өтті

16.03.2024

Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғындары бүгін әжелердің өнерін тамашалады. Наурызнаманың мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай кеншілер шаһарында «Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер» байқауы өтті. Сайысқа қатысушылар ұлттық салт-жоралғыларды көрсетіп, олардың мән-мағынасы жайлы әңгімеледі.

Әжелердің өнерін тамашалауға жиналған көрермендердің жас ерекшелігі әралуан. Мектеп оқушыларынан бастап қарт кісілер де бар. Бұл ұлттық өнерге деген сұраныс пен құрметтің көрінісі. Ал жас ұрпақтың ақ жаулықты әжеден үйренері көп, құрметі де ерекше.

Гүлмарал Малдыбай, оқушы:

Әжелер деген өте жақсы адамдар ғой. Немерелерін өте жақсы көреді. Әжесі бар адамдар бақытты.

Сайысқа барлығы 7 әже қатысты. Олар өзін таныстыру, ұлттық тағам дайындау, салт-дәстүрден көрініс қою бойынша сынға түсті.

Көрермендер әрбір қойылымға ерекше ықылыс білдіріп, қошемет көрсетіп отырды. Себебі бүгінгі іс-шараның сайыстан гөрі мерекелік лебі басым.

Нинагүл Пушаева, ұйымдастырушы:

Іс-шараның мақсаты – жас балаларды, қыз, келіндерімізді мәдениетке, әдепке салт-дәстүрді дәріптеуге баулу.

Қатысушылар «Асыл әже», «Өнегелі әже», «Білімпаз әже» және тағы басқа номинациялар бойынша марапатталды. Ешқайсы ескерусіз қалған жоқ. Ең бастысы осы байқауды тамашалауға келгендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу