Рудный қаласында цемент зауыты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласында цемент зауыты ашылды

03.12.2018

«Нұрлы жер» сияқты бағдарламалар еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамытуға серпін беріп отырғаны белгілі. Яғни, үйлер көптеп салынып, оларға қажетті құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарға түсетін тапсырыс та арта түсті. Осы орайда, Қостанай облысының Рудный қаласында цемент зауыты ашылды. Еліміздің солтүстік өңірінде осы уақытқа дейін өнімнің бұл түрін шығаратын кәсіпорын болмаған. Зауыттың негізгі шикізаты - Рудный қаласының іргесіндегі темір кенінен шыққан саз. Жаңа өндірістің кенді кенттің жанынан бой көтеруінің де басты себебі - осы.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Облыс әкімі түймені басқан сәттен жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады. Жобаның жалпы құны 17 миллиард теңге шамасында. Зауыт толық қуатына енгенде желіден жылына 550 мың тонна цемент шығарады.

Кәсіпорын алдағы уақытта 300 адамды жұмыспен қамтитын болады. Қазірдің өзінде мұнда 180 адам еңбек етіп жатыр. Солардың бірі Мұхтар Сыбанқұлов шикізат бөлімінде механиктің міндетін атқарады. Ол осы бөлімдегі барлық құрылғылардың ақаусыз жұмыс істеуіне жауапты.

Мұхтар Сыбанқұлов, механик:

- Басында слесарь боп кіргем. Екі жыл бұрын мехник міндетін мойныма алдым. Мұнда жұмыс істеу өзіме ұнайды. Жаңа зауыт. Ұжым жақсы. Жалақымыз да жақсы.

Зауыт Рудный қаласы мен Василев аулының ортасындағы ашық далада орналасқан. Аумағы - 20 гектар. Мемлекет есебінен инфрақұрылымның барлық түрімен қамтылған. Автомобиль жолы салынып, теміржол тартылған. Бұл кәсіпорынға шикізат жеткізіп, дайын өнімді тасымалдауға аса қолайлы.

Артем Макласов, цемент зауытының директоры:

- Бізге, тіпті, ресейлік тұтынушылардан да сұраныс түсіп жатыр. Олар ұзақмерзімді келісімшарт жасасуға мүдделі. Оның сыртында облыс аумағы мен Қазақстанның солтүстік өңірін қамтитын боламыз. Сондықтан, өнімді саудалауда ешқандай қиындық туындамайды.

Қажетті шикізат пен қоспалардың дені ел аумағынан тасымалданады. Тек, шлак пен гипс қана Ресейден жеткізілмек. Бұл кәсіпорынның шетел валютасына тәуелділігін азайтып, экономикалық тұрғыда тиімді жұмыс істеуіне жол ашады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу