Шымкенттегі «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдарының зерттеу ізденістері нәтижесінде, «Әуезов һәм Абай» атты 2 томнан тұратын ғылыми шығармалар жинағы жарық көрді. Ғылыми еңбекте Абай мен Әуезов шығармашылығындағы тың дүниелер оқырман назарына ұсынылып отыр. Кітаптың бірінші томына Мұхтар Әуезовтің Оңтүстікке сапары мен Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты жаңа деректер топтастырылған. Ал екінші томға Абай шығармаларындағы текстологиялық-терминологиялық мәселелер мен Мүрсейіт, Тұрағұл, Кәкітай хақында мағлұматтар енді. Тағы бір жаңалық, екі томдықта Абай Құнанбайұлының қара сөздері, өлеңдері мен аудармалары түпнұсқа қолжазбалармен қайта салыстырылып, оның транскрипциясы жасалып, арнайы түсініктеме берілді. Әзірге, ғалымдар осындай мақсатпен ұлы ақын шығармашылығының жартысына жуығын қайта қарып шықты. Ғылыми еңбек әрі қарай да жалғасын таппақ.
Ақжол Қалшабек, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты:
Сөздерінде, сөйлемдерінде қалып кеткендері бар. Онан соң сөз саптасы қазіргі Абайдың текстері негізінен Кеңестік дәуірдегі сіз бен біздің сөз мәнерімізге ыңғайластырылған. Ал ол кісінің стильдік ерекшеліктері алынып тасталған. Соны орнына келтірумен жұмыс жасап жатырмыз.
Ғани Қалмаханов