Сенат жанынан ашылған Талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат жанынан ашылған Талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды

02.03.2024

Сенат жанынан ашылған Талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды. Осыған байланысты қатысушылар бүгін жұмыстарын қорытындылап, баяндамаларын таныстырды. Олар кедейлікті жою, денсаулық сақтау және әл-ауқатты арттыру, сапалы білім беру сондай-ақ, экономикалық өсу сияқты тақырыптарды қамтитын орнықты дамудың бес мақсатына арналды.

Үшінші кезеңнің қорытынды дәрісіне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Оның айтуынша, үшінші кезеңнің ерекшеліктері көп. Соның бірі – жобаға өңірлерден келген жас сарапшылардың белсенді қатысуы. Олар екі ай бойы аналитикалық материал дайындау бойынша білім алды. Ал оқыту курсы теориялық және тәжірибелік бағытта жүргізілді.

Белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар дәріс оқыды. Жиын соңында Сенат төрағасы командалық жобаларды қорытындылай келе, баяндамалардың жоғары деңгейде әзірленгеніне назар аударып, Талдау мектебінің командаларымен жұмысты ұтымды үйлестіре білген тәлімгерлердің ерекше рөлін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Екі ай өте қарқынды өтті. Алдағы уақытта Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубымен бірлесе отырып, сіздердің баяндамаларыңыздың жинағын шығарамыз. Басқа да бірқатар жобаларымыз бар. Осы ретте барлық баяндаманың мазмұны жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Олар бір жинақта жарияланып, жұмыс үшін Сенат депутаттарына және салалық мемлекеттік органдарға беріледі.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу