Биыл майлы дақыл өсіруді қолға алу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл майлы дақыл өсіруді қолға алу керек

02.03.2024

Көктемгі егістік науқаны басталуына санаулы күн қалды. Биылдан бастап оңтүстіктің дихандары мақта мен күріштің орнына қант қызылшасын егу керек. Солтүстіктегілер болса, күнбағыс сияқты майлы дақылдарды өсіруді қолға алу қажет. Мәселе «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен өткен жиында көтерілді. Семинарда егістік алқаптарды құрылымын әртараптандыру және қайта бағалау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыру жайы қозғалды. Салаға жауапты министрлік өкілдері мен «Ауыл» партиясының мүшелері, фермерлер Президенттің егін шаруашылығын реформалау туралы тапсырмасын орындау бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Партия төрағасының айтуынша, елде соңғы кезде бидай егетіндер қатары артты. Салдарынан былтыр қамбаға түскен астық дақылдарының 6 миллион тоннаға жуығы қалып қойған. Оған нарықта сұраныс жоқ, дейді.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, «Ауыл» ХДПП төрағасы:

Егін алқаптарын әртараптандыру керек. Қазір біздер 24-25 миллион гектар алқап ексек, соның 12-13 миллионы астыққа кетеді. Сол қазір біздің ел үшін артық деп айтуға болады. Майлы дақылдарға сұраныс өте жоғары. Және экономика жағынан тиімділігі жоғары. Пісте майын алайық, рапсты алайық, сояны алайық. Олардың орташа бағасы 1 тоннасына 200 мың теңге.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүрековтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облысында майлы дақылдардың алқабын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл мал шаруашылығы жемшөп базасының тұрақты дамуына септігін тигізеді, дейді. Десе де алдымен тұқым мәселесін шешу керегін жеткізді.

Ербол Тасжүреков, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Бірінші элита ұрықтары керек болады. Майлы дақылдар бойынша, ұрықтарды дамыту бойынша өте нәтижелі, нәтиже беретін ұрықтар керек. Тұқымның жасыратыны жоқ біразы сырттан тасмалданады, импортталады. Биылдан бастап 2024-2028 жылдарға дейін орындалатын кешенді жоспар қабылданатын болады, осы ұлттық ұрықты дамыту бойынша.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу