АМӨЗ: Өндіріс қуаты 1,7 млн тоннаға артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АМӨЗ: Өндіріс қуаты 1,7 млн тоннаға артады

01.03.2024

Алдағы бес жылда Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты 1,7 млн тоннаға артады деп жоспарлануда. Ол туралы бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнайлы өңірге сапары кезінде мәлімдеді. Өндіріс орынына ат басын бұрған еліміздің бас мұнайшысы кәсіпорынның басты технологиялық қондырғылары мен механикалық тазарту қондырғыларын аралап көрді. Сондай-ақ, таяуда шыққан бутендерді олигомеризациялау қодырғысының жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Өнім шығару мен жөнелтуде іркіліс жоқ. Үш кезеңдегі жаңғыртудан өткен кәсіпорында былтыр 5,5 млн тоннадай мұнай өңделіп, 4,9 млн тоннаға жуық тауарлық өнім шығарылды. Мұнайды орташа өңдеу тереңдігі 82,1% пайызға өскен.

Мағзұм Мырзағалиев «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Жалпы, екі айдың ішінде 919 мың тонна мұнай өңделді. Бұл біздің жоспарымызға сай келеді. Мен жаңа сол қондырғыға барып жұмысымен таныстым. Ол жерде жанармай емес су төгілді. Бұл былай айтқанда «тупиковой труба» дейді, ең аяқ жағында тұрған олигомеризациялау қондырғысы. Бұл өндірістік режимде пайдаланылмайтын құбыр.

Атырау мұнай өңдеу зауыты өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған көне кәсіпорын. Сондықтан мұнай өңдеуде кездесетін технологиялық кідірістердің алдын алу үшін жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 2023 жылы компания зауытты жаңғырту жөнінде 5 жылдық бағдарламаға қабылдаған болатын.

Мағзұм Мырзағалиев «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

5 жылдың ішінде тиісті қаражат бөлініп, мына ескі бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, толығымен жаңарту керек. Себебі, 2006-18 жылдарда болған модернизация зауыттың ескі бөлігінде аса көп жұмыс жасалған жоқ. Сол кезде зауыт жылына 6,7 млн тонна мұнай қабылдайтын болады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компания акционерлік қоғамының басқарма төрағасы KPI газ-химия кешенінде болып, жұмысымен танысты.

Раушан Нұрболат


Хабарламаларға жазылу