2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаяды

09.10.2023

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану - стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі екенін айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Арнайы көлік министрлігі құрылып, қазір салаға ауқымды өзгерістер енгізіліп жатыр. Болжам бойынша 2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаятын болады.

Елімізде биыл жүк тасымалдау көрсеткіштері жоғары. Жалпы көлемі 640 млн тоннадан асады. Теміржол тасымалы бойынша 273, автотасымалдау бағытында 184 млн тоннаға жетті. Жалпы транзиттің көлемі 20 млннан асып, өсім 25 пайыз болды. Теңіз порттары арқылы жүк тиеу бойынша өсім 85 пайызға жетіп, 1,74 млн тоннаны еңсерді. Салаға серпін беретін жаңа жобалар де жетерлік.

Айбек Қапар, «КTZ Еxpress» АҚ Бас директорының логистика жөніндегі орынбасары:

Біздің приоритеттік жобаларымыздың бірі бұл транскаспий бағыты бойынша контейнерлік көлемдерді ұлғайту. Бұл бойынша да бірқатар жұмыстар бар. Соның бірі Ақтау портында контейнерлік хаб салу жоспарлануда. Соның арқасында әлемнің үлкен компаниялары кіреді.

Қазақстан темір жолы үш жыл ішінде шамамен 1300 шақырым жол салуды жоспарлап отыр. Ал, Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты-Аягөз» жаңа теміржол желісін салу жоспарланған. Қос жоба бойынша экономикалық-техникалық негіздемесі аяқталып қалды.

Сатжан Өзбеков, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:

Бұл жобаларды орындау нәтижесінде Қытай бағытындағы және орталық Азия бағытындағы көлік әлеуеті жоғарылайтын болады. Қытай бағытында 20 млн тоннаға дейін өседі. Орталық азия бағытында 10 млн тоннаға дейін өседі.

Былтыр Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Осының арқасында көрсеткіш 5 есеге дейін ұлғайып, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдау көлемі артады. Қазіргі уақытта Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу