2 наурызда онлайн жарнаманы таңбалау туралы бұйрық күшіне енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2 наурызда онлайн жарнаманы таңбалау туралы бұйрық күшіне енеді

29.02.2024

2 наурызда онлайн жарнаманы таңбалау туралы бұйрық күшіне енеді. Бұл талап әлеуметтік желі арқылы табыс табатын кез-келген адамға тікелей қатысты болмақ. Яғни, онлайн жарнама арқылы табыс түссе, ол таңбаланып көрсетілуі тиіс. Ал, бұл талапты орындамағандарға қандай шара қолданылады? Самал Қабышева біліп қайтты.

Жарнаманы жарқыратып тұрып жасап жатқан белгілі әнші Алтынай Жорабаева. Ол өзінің инстаргам парақшасы арқылы жиі жарнама жасайды. Желідегі оқырман саны 3 млн 300 мыңнан асады. Ал, Алтынай Жорабаевадан оқырманы 1 млн-ға артық Қарақат Әбілдина да құрбысынан қалыс қалып жатқан жоқ.

Қарақат әбілдина, әнші:

Мен егер қандай да бір жарнама жасасам, бартерлік жағдайда ол зат маған керек делік, соның мен жарнамасын жасаймын. Ал былай мен білмейтін, түсініксіз жағдайда, әйтеуір ақшасын төледі екен деп, 5-10 тиын үшін кез-келген нәрсені ой оқырмандарым, мынау тамашама мынау ғажап деп бірден ондай қадам жасамаймын.

Бастысы, қос әнші де салық төлеу қажет болса, төлейміз. Заң бәрімізге ортақ дейді. Ал, онлайн жарнама арқылы табыс тауып отырғандардың барлығы жарнамасын таңбалауға енді міндетті болады.

Олар, «жарнама», «жарнамалық материал», «серіктестік материал» сынды бірнеше атаудың бірін таңдап, көрсетуі тиіс.

Қайнар Ахетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

Жарнама деген белгі шығуы керек сол жарияланымда. Немесе, ол дымыспен айтылуы керек. Или дыбыспен, или жазбаша. Ол әнші болады ма, ол пиар маманы болады ма, барлығына қатысты. Кім табыс табады, осы онлайн ортада. Біріншіден таңбалауға міндеттеледі. Және өзінің тапқан табысынан салық төлеуге міндеттеледі.

Бірақ, жарнаманы таңбаламағандар жазаланбайды. Ал, салықтан жалтарғаны үшін заң алдында жауап береді.

Ерқанат Шыңберген, ҚР ҚМ МКК арнаулы салық режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы:

Жарнама постарын жасаса ол блогер болып саналады. Яғни, таңбалау жасалса, біз көреміз. Кәсіпкерлік қызметте жасап жатыр, яғни, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырады. Салық төлеуі қажет деген мәселе туындайды.

Яғни, интернет арқылы табыс тапқан кез келген адам мемлекетке салық төлеуге міндетті.


Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу