Жамбылда дихандары алты жылдан бері жерге дән себе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда дихандары алты жылдан бері жерге дән себе алмай отыр

27.02.2024

Жамбылда 4 ауылдың дихандары 6 жылдан бері жерге дән себе алмай отыр. Өйткені алқаптарға тіршілік көзін жеткізетін 12 су арнасының құрылысы созбалаңға салынып келеді. Салдарынан бес мың гектардан астам алқап игерусіз жатыр. Бұл дегеніміз 150-ге жуық қожалық табыстан қағылды деген сөз. Осыдан 2 жыл бұрын бітуі тиіс жоба неге жарты жолдан тоқтады? Данияр Әлімқұл даурыққан дихандармен тілдесті.

Шудың шұрайлы жерінде отырған Балуан Шолақ, Бөлтірік шешен және Қонаев ауылының дихандары 12 су арнасының құрылысы 6 жыл бойы аяқталмай отырғанына наразы. Кенезесі кепкен каналдардың ұзындығы 47 шақырымнан асады. Мердігер ауыса беріп, бүтін арналарды бүлдірді дейді.

Бағдат Телбаев, ауыл тұрғыны:

Каналдардың жан-жағының бәрі ыдырап, бетондарымыз төмен отырып, бұрынғы істелінген жұмыстар да мардымсыз, толығымен аяқталмай отыр.

Сарылдап аққан суды сарыла күткен ел көктем шыға бақша дақылдарын баптауға ниетті. Бір кездері бұл елді-мекендер қауын-қарбыз егумен аты шыққан. Қазір оның жұрнағы да жоқ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бір ғана Дулат ауылдық округындағы алты су арнасы осылай қаңсып қалған. Танабы кеуіп, тасы көрінген. Су желілерінің құрылысы бес жылдан бері бітпей келеді. Салдарынан дихандар далаға дән себуді ұмытқан.

Ал Жасұлан есімді жас дихан 13 гектарға жоңышқа егіп аузы күйгенін айтады. Шабындыққа да шыр бітпеген соң, мал ұстаудың өзі мұң көрінеді.

Жасұлан Рахат, ауыл тұрғыны:

Былтыр еге беріңдер деп еккізді, оның бәрі шығынға кетті. Шіріп, жоңышқамыз күйіп кетті. Ол шығынды төлейтін өзіміз күйіп жатырмыз. Мал ұстайық десек малдан да қорқып отырмыз.

«ҚазСуШар» мекемесі Шу ауданындағы 15 каналды жөндеуге «Дүниежүзілік банктен» 4,8 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бүгінде бесеуінің құрылысы тұралап тұр. Әу баста түрік компаниясы кірісіп, жобаны жолда қалдырады. Кейін келісімшарт үзіліп, ирандық серіктестікке өтеді. Созбалаңға салынып жүргенде қымбатшылық қысып, тағы тоқтайды.

Ғалия Зәрубаева, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары:

Құрылыс заттары, ГСМ бәрі қымбаттаған кейін жұмыс тоқтап қалған. Енді қазір корректировка біткеннен кейін 980 млн теңгедей ақша бөлінеді деп күтіп отырмыз, наурыз басында, құдай қаласа жұмыс басталады. Сосын вегатациялық кезеңде шаруаларға су береміз.

Ал аудан әкімдігі шаруаларды суды көп қажет етпейтін өнімдерді егуге шақырады. Айта кетейік, аймақта "Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2" бағдарламасы бойынша 9,1 млрд теңге бөлінген. Оған үш аудандағы 115 шақырымдық 51 канал жөнделуі тиіс. Әзірге Қордай және Жамбыл ауданындағы жұмыстар ғана толық аяқталған. Данияр Әлімқұл, Ғани Айдарқұл, «Қазақстан» ҰТА ТАРАЗ


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу