Қызылорда облысында 78 мың гектар алқапқа күріш егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 78 мың гектар алқапқа күріш егіледі

20.04.2022

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында егін науқаны басталып, алғашқы дән себілді. Биыл өңірдегі дихандар 78 мың гектардан астам жерге күріш дақылын егуді жоспарлап отыр. Алайда, былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі біршама азайған.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Тіршілігі Сырдарияға тәуелді дихандар қауымы былтырғы қуаңшылықта әбден әбігерге түскен еді. Биыл да мамандар болжамы көңіл көншітпей тұр. Жоғарыда орналасқан су қоймаларындағы көрсеткіш жылдағыдан аз. Соған сәйкес, шаруалар күріш егістігін 5,3 мың гектарға қысқартуға мүжбүр болып отыр.

Жалпы көктемгі егін науқанына ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай дайын. Облысқа Үкімет тарапынан 12 мың тоннаға жуық арзан жанар-жағармай бөлінген, шаруалар қажетіне қарай алып жатыр. Бір қуантарлығы, биыл мал азықтық дақылдар мен көкөніс алқаптарының көлемі едәуір ұлғайған. Ал шиелілік еңбеккерлер алдағы қуаңшылық салдарын ескеріп, Янтарь, Лидер тұқымдарынан бөлек, күріштің тез пісетін жаңа сорттарын өсіруді қолға алып отыр.

Көктемнің бір күні жылға азық деген. Дала төсінде қайнаған тірлік басталып кетті. Жоспарға сәйкес, облыс дихандары мамыр айының соңына дейін күріш алқаптарын суға бастыруды жоспарлап отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу