Трансшекаралық өзендерде климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трансшекаралық өзендерде климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп азаяды

23.02.2024

Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерде жаһандық климаттың өзгеруінен туындайтын қауіп азаяды. Осы мақсатта бес ел ауқымды жобаны қолға алды. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан су ресурстарын бірлесе отырып тиімді пайдалануды көздейді.

Климаттық циклдің өзгеруінен табиғатта тепе теңдік бұзылатыны белгілі. Бұл өзендерге де қатысты. Су тапшылығы ауыл шаруашылығына, қоршаған орта мен экономикаға, халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етеді. БҰҰ Даму бағдарламасының «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және тұрақты даму» жобасы іргелес жатқан елдердегі су көздерін тиімді пайдалануды қарастырып отыр.

Серік Саиров, «Қазгидромет» рмк бас директорының бірінші орынбасары:

Біздің Қазақстаннан кіретін ол Шу өзені Қырғызстаннан келетін. Болашақта осы екі жылдың ішінде біз осы өзен бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп сол зерттеулер нәтижесінде осы өзенді халық шаруашылығына пайдалану жайлы оңтайландыру ұсыныстарын енгізетін боламыз.

Аймақтағы ірі су бассейндері қатарына Шу өзенінен бөлек Исфайрамсай, Шахимардан, Зарафшан мен Мургаб өзендері кіреді. Осы су айдындарында климаттың өзгеруі салдарынан туындайтын зиянды мейлінше азайту шаралары ұсынылды. Оның негізгісі тапшылық туындататын қауіптерді анықтай отырып, климаттың өзгеруіне бейімделу жоспарын әзірлеу.

Абдумажид Холмуродов, экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің сарапшысы:

Мақсат –трансшекаралық өзендердің экологиялық аспектілерін анықтау. Ауыл шаруашылығында, энергетика мен өзге де салаларда су пайдалану бойынша климаттық өзгерулердің кері әсерін азайту. Бұл мәселенің ғылыми шешімін табу үшін шетелдік мамандармен бірлесе отырып жұмыс жүргізіліп жатыр.

Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерге қатысты Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының бастамасымен климаттық өзгерістерді басқаруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асып келеді. Бұл су тапшылығының алдын алумен қатар таулы аймақ тұрғындарының климаттың өзгеруіне дайын болуына мүмкіндік береді.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу