Таразда ауыз суды көлік жуу орындарында пайдаланғандар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда ауыз суды көлік жуу орындарында пайдаланғандар анықталды

22.02.2024

Таразда көлік жуу кешендері, қоғамдық моншалар мен бассейндер ауыз суды техникалық мақсатта пайдаланып келген. Заңсыз су пайдаланғандар нысан саны 300-ден асады. Айталық, облыс орталығындағы жалпы есептегі 137 моншаның тек екеуінде ғана су пайдалану туралы ресми рұқсаты болған.

Ал 146 көлік жуу орталығының 7-нің тиісті құжаты бар. Бұдан бөлек, 34 қоғамдық бассейннің бірде біреуі заңды жұмыс атқармаған. Салдарынан қазына қаржысына салық түсімдері түспеген. Тіршілік көзін түрлі мақсатта ысырып қылғандардың әрекетін былтыр құрылған облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы анықтады. Кәсіпкерлік нысандар ауыз су ретінде пайдаланылатын жер асты суын «Шу талас бассейні» инспекциясының рұқсатымен пайдалануы тиіс. Алайда рұқсаты жоқ кәсіпкерлер «Жамбыл су» мекемесінің суын пайдаланған. Айта кетейік, орта есеппен бір монша жылына 11 мың мен 20 мың тонна аралығында су пайдаланады.

Еркін Әлмаханов, Жамбыл облысы табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

Кәсіпкерлерге бірінші маусымға дейін уақыт берілді, бүкіл мынау ауыз су алуды заңдастыру жөнінде. Егер одан кейін заңдастырмаса онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 41-ші бабына сәйкес, әкімшілік айыппұл салынады. Ол 40 АЕК 260 АЕК аралығында.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу