Ақтөбеде мамандар тексеріс жүргізді: Ауыз су көздерінен қауіп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мамандар тексеріс жүргізді: Ауыз су көздерінен қауіп жоқ

22.04.2024

Ақтөбе облысындағы сібір жарасы көмінділерінен қауіп жоқ. Бұған дейін Мәртөк, Әйтеке би және Темір аудандарындағы осындай үш аумақтың су астында қалғаны хабарланған еді.

Ол жерлерден сынамалар алынып, зертханаларға жіберілді. Мамандардың айтуынша, қазір нәтижесі дайын. Яғни, төрт түлікке де, адамға да ешқандай қауіп жоғы анықталды. Қазір аймақта мал өлекселерін жою жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс бойынша тасқыннан 3232 бас үй жануары шығын болған еді.

Айбек Сембай, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

Қазір біздің ветеринар мамандар осы Ақтөбенің айналасында күнделікті жұқпалы ауруларға қарсы жұмыстар жүргізіп жатыр. Су тасқынына байланысты, біз тек инсинаторларды ғана қолданамыз. Өртеледі, тек күлі қалады да, көміледі. Сосын дезинфекциялық жұмыстарды жүргізеді.

Мамандар ауыз су көздеріне де тексеріс жүргізді. Облыс аумағындағы 214 елдімекенде ауыз су құбыры болса, оның бесеуінен сәйкессіздік анықталған. Мәселен, Темір ауданының Алтықарасу ауылындағы су жинақтаушы мұнарадан алынған сынама теріс нәтиже көрсеткен. Дегенмен, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыз суды қолдануға болады деген қорытынды жасалды.

Райхан Қойшанова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

Әсіресе, су тасқыны болып өткен аудандардан апта сайын жасап жатырмыз. Суды қолдануға жауапты мекемелер өздерінің өндірістік бақылауында күнделікті ұстап отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу