Шымкенттің айналма жолы қауіпті өткелге айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттің айналма жолы қауіпті өткелге айналды

20.02.2024

Өзбекстанға шығатын Шымкенттің айналма жолы жүргіншілер үшін ауыр әрі қиын, адым аштырмайтын өткелге айналды. Осыдан 8 жыл бұрын басталған көлік дәлізінің құрылысы әлі бітетін емес. Жол азабын транзитті жүк көліктерден бөлек, осы жолдың бойына қоныстанған бірнеше шағын ауданның тұрғындары тартып келеді.

Жол бойындағы көлік жөндеу шеберханасында күнделікті тынымсыз жұмыс. Бір көлікті жөндеп бітпей жатып, екіншісі келеді. Кешке дейін кезек. Сынған көлік, күйінген жүргізуші.

Ерсұлтан Үмбетов, техникалық жөндеу орталығының шебері:

Күнде осы. Жоқ дегенде 3 машина келеді. Барлығының кететін жері жүріс бөлігі. Рессоры, шұңқырға түсіп кетеді, балоны қисайып қалады, Тягасын жұлып алады. Мына кісілерден обал, машина айдап жүргендерге.

Транзитті жүк көліктерін ел шекарасының оңтүстік қақпасына шағаратын осы жалғыз ғана жол. Тәулігіне 15 мыңдай автокөлік әрі-бері қатынайды Ұзындығы 31 шақырым. Оның 7 шақырым жерінде құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Ирелеңдеген, енсіз жолдың өн бойы ойылып, шұңқыр болып кеткен. Қазығұрт пен Құрсай шағын ауданының 2 мыңнан астам тұрғын осы жолмен күнделікті орталыққа қатынайды.

Олжас Ордабеков, қала тұрғыны:

Мен өзім күніне жоқ дегенде 4 рет әрі, 4 рет бері өтемін. Жүру мүмкін емес. Сапасы түгілі мынау жолға да жатпайды. Бір шұңқырдан қашсаң, екіншісіне түсесің.

Күре жол көліктерді ғана емес, жаяу жүргіншілерді де қинап тұр. Өйткені аяқ жолдың тек бір бетінде ғана.

Әбу Өміров, қала тұрғыны:

Қаладан келе жатқанда машине қарсы бетте болады. Қайтарда арт жағыңнан келіп,су шашып кетеді. Шашылған лай су кетпейді екен. Талай әбіргерге түстік.

Айналма жолды кеңейту және жаңарту жұмысы 5 кезеңге бөлінген. Соңғы бөлігі былтыр мемлекеттік сараптамадан өтті.

Нұрбол Ілес, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Қазіргі таңда бюджетті нақтылауға ұсыныс жасадық. Ол қолдау тапқаннан кейін мемлекеттік сатып алу жұмысын жүргізіп, 2024-2025 жылы 6 жолақты жол саламыз деген жоспарымыз бар.

Айналма жолдың қазір бастапқы екі бөлігінде жол төселіп жатыр. Оған былтыр 2 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Ал биыл жол құрылысына тағы 10 миллиард теңге қажет. Жобаның маңыздылығы жол төселіп бітсе еліміздің халықаралық жүк тауар тасымалындағы әлеуеті артырады. Шымкенттің агломерациялық орталық ретіндегі мүмкіндігі ұлғаяды.

Ғвни Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу