Атырау облысында 107 тұрғын үйдің тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 107 тұрғын үйдің тозығы жеткен

19.02.2024

Атырау облысында апатты үйлердің саны азаймай тұр. Бүгінде 107 көппәтерлі үйдің әбден тозығы жеткен. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ескі баспаналардың іргетасы сөгіліп, қабырғасы жарылып жатыр. Жандарын шүберекке түйген қарашаның жан айқайын Нұрсұлтан Нұрсейіт баяндайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл тұрғын-үйлер сонау 70 жылдары салынған. 50 жыл бойы бірде-бір жөндеу жұмысын көрмеген. Тұрғындар өркениеттен әбден ада қалдық деп отыр. Үйіндінің астында қаламыз ба үреймен өмір сүруде. Тіпті, кейбіреуінің айтуы бойынша үйден жылан да шығып жатыр.

Құрманғазы ауданының тұрғыны Айгүл Зұлқарнаева кезінде 7 баламен тұрғын-үй кезегіне тұрған. Кейін 3 баласы аяқтанып, өз алдына бөлек шыққан. Қазір 4 баласымен осы баспананы паналауға мәжбүр.

Айгүл Зұлқарнаева, тұрғын:

Жылан көп, жылма-жыл жылан шығады. 3-4 жылан шығарып лақтырып отырмын. Сонда да баспанам болмағасын осында отырмын.

Бұл үйде кәріз жүйесі, газ, су деген атымен жоқ. Қараша жақын маңдағы көлден шелектеп су тасуға мәжбүр. Жаңбыр жауса кіреберістегі электр желілерінен су бойлап ағады. Ал бұл өз кезегінде тұрғындарға үлкен қауіп.

Асқар Қарабалаев, тұрғын:

Ылғалдылықтан өлетін болдық, жазда да ылғал. Жыл сайын ремонт жасаймыз. Қанша әкім ауысып жатыр, келіп қарап жатыр, дым жоқ.

Дара Рахметтулина, тұрғын:

Су жоқ, суды жағадан тасимыз. Суға түсу керек, өзіміз әр үйге бір барамыз. Жалдап моншаға.

Қазір ауданда жаңа үйдің кілтін сарыла күтіп жүрген 1 156 азамат бар. Оның 96-сы осы 2 апатты үйде тұрады. Әкімдіктегілер мәселеден хабардар. Оны шешу жолдарын қарастырып жатқандарын айтты.

Шынболат Мусин, аудандық ТҮКШ тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Облыс әкімдігіне бірнеше рет ұсыныс берілді. Көшіру бағытында биылғы жылға қаржы бөлінді. Соған енді осы жылы үй салынса осы кісілерді көшіреміз деп жоспарлап отырмыз. Қанша қаражат бөлінді? Жалпы 640 миллион теңге бөлінді.

Облыс бойынша 30 мыңға жуық азамат тұрғын-үй кезегінде тұр. Мәселені шешу үшін арнайы жол картасы бекітілген. Бюджеттен биылғы жұмыстарға 6 млрд теңге бөлінген.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу