Мұнайлы ауданында шағын және орта кәсіп қарқынды дамып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайлы ауданында шағын және орта кәсіп қарқынды дамып жатыр

12.02.2024

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында шағын және орта кәсіп қарқынды дамып жатыр. Биыл кәсіпкерлік субъект саны 10 пайызға көбейіп, 10 700-ге жеткен. Ауданда жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, дүкендер желісі, қызмет көрсету салалары қанат жайған.

Ауданда тігін цехының ашылғанына 2 жыл болды. Кәсіпорын 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда айына 2 мыңға жуық арнайы киім тігіледі. Жұмысшылардың барлығы аудан тұрғындары. Солардың бірі - Ақсырға Тәжіқосова. 57 жастағы әйел жұмыстастарымен бірге күніне 50-60 күртеше тігеді.

Ақсырға Тәжіқосова, Батыр ауылының тұрғыны:

Ауылымызда осындай мекеме ашылып жатқанына, жасап жатқанымызға рахмет, қуанамыз. Келеміз, жұмысымызды жасаймыз. Отырған жеріміз жылы жер, обедіміз дайын. Ақшамызды тапқанымызша табамыз. 250 мың мен 150 мыңның аралығында ақша табамыз.

Матрас цехы – ауданда мемлекеттік бағдарламалардың арқасында аяққа тұрған кәсіпорындардың бірі. Айына 1 мыңға жуық ортопедиялық матрастың түр-түрін өндіреді. Мұнда мұнай компаниялары, жиһаз дүкендері тапсырыс береді. Есхат Қайратұлы ортопедиялық матрас жасайтын маман. Ол цехта 5 жылдан бері жұмыс істейді.

Есхат Қайратұлы, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Менің міндетім – негізгі осы ортопедиялық матрастарды құрастырып жасау. Кокос, паралон ортасында, ембі пружина деген заттар бар. Паралондар бар әр түрлі нәрселерді бір-біріне клей арқылы бекітіледі, солай жасалатын нәрсе.

Ауданда бұдан бөлек, дүкендер желісі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы және туризм бағытындағы жобалар дамып келеді. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10700-ге жетті. Олар 17 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Бекболат Қабатбаев, Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Бірден-бір себеп кәсіпкерліктің дамуы - біздің Ақтау қаласына жақын орналасуына орай ауданымыз және де мемлекеттік қолдаулар. Аудан тұрғындарына 6 пайызбен несие, көп балалы аналарға жеңілдік қарастырылған 4 пайызбен және аграрлық несие корпорациясы арқылы жастар несиесі 2,5 пайызбен несиелер беріліп отыр.

Ауданда былтырдан бері ауыл шаруашылығы бағытында жобалар көп қаржыландырылуда. Сондай-ақ, жұмыссыздарға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталған. Оның аясында 36 жобаға 2,5 пайыздық несие берілді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу