Алматы облысында жүздеген жүруге жарамсыз автобус тұрағы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жүздеген жүруге жарамсыз автобус тұрағы анықталды

12.02.2024

Алматы облысында тағы да жүздеген қаңтарылған автобус тұрағы анықталды. Техникалар «АлматыЭлектроТранс» компаниясына тиесілі. Жауапты мекеме мамандары бұл қоғамдық көліктердің басым бөлігі жүруге жарамсыз дейді. Бұған автобус жүргізушілері келіспей отыр. Себебі, парк техникаларға күтіммен қарағанда, әрқайсысы әлі 5 жыл жолаушы тасымалдауға жарар еді деген уәж айтады.

Ермек Раметов 10 жылдан аса уақыт автобус жүргізеді. Бірнеше паркте жұмыс істеген. Айтуынша, парк басшылары қосалқы бөлшек алмайды. Бір техника бұзылса, қажетті заттарын екіншісіне айырбастайды. Соның кесірінен автобустар тез тозып, жарамсыз болып қалады, - дейді.

Ермек Раметов, автобус жүргізушісі:

Алдында дворникке шашатын суы жоқ. Замерзайка жоқ. Антифриз жоқ. Май жоқ. Свеча жоқ. Ештеңе жоқ. Өстіп өшеді де апарып қоқысқа тастайды. Ары қарай моторы мотор күйінше кетеді. Қосалқы бөлшегі бөлініп жатқан ақшалардың қай жаққа кетіп жатқандарын өздері біледі.

Тұрғындар наразылығын тудырған тұраққа біз де бардық. Алайда ішке кіріп, автобустардың жағдайын түсіру мүмкін болмады.

Автобустың старшийларынан ешкім жоқ мұнда. Бұл жерді тендермен ұтып алған хозяины бар. Мен сізді кіргізе алмаймын.

Қуан Нұрақын, тілші:

Алматы облысы Қайназар ауылына қарасты бұл 5 гектар аумақта қазір 300-ге жуық автобус тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай әлі де ескі техникалар жеткізіліп жатыр. Дені жүруге жарамсыз.

Алматы әкімдігі автобустар серіктестік өкілдері есептен шығарып, аукционда сатуға дайындау үшін уақытша қойылды, - дейді. Жетіген ауылындағы тұрақтан да осындай техникалар тасымалданып жатқанын атап өтті. Ал, автобус паркінің өкілі екі жыл ғана жүрілді деген техникалардың өзіндік себебі барын айтады.

Абылай Омархан, «АЛМАТЫЭЛЕКТРОТРАНС» ЖШС директорының орынбасары:

Ол жерде 2017,2018 жылғы автобустар. Кемінде 5 жыл жүрілген автобустар. Бірен-саран 1-2 автобус, иә мүмкін екі жыл жүріп тұрған себептері бар. Әртүрлі, жаңағы жағдайларға байланысты ДТП немесе басқа да өзінің техникалық ақауларына байланысты. Дегенмен ол шығындар толыққанды өтелген.

Жауапты мекеменің мәліметінше, биылдан бастап «Қайназар» аулының аумағындағы уақытша тұрақты 25 айға 196 миллион теңгеге жалға алған. Әкім Ерболат Досаев алдағы уақытта мұндай автобус қоймалары болмауы үшін транспорттар биыл көктемге дейін толық тексеруден өтеді деп уәде берген болатын.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу