Ақтөбелік белсенді азамат ауылда ат спортын дамытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік белсенді азамат ауылда ат спортын дамытып отыр

12.02.2024

Ақтөбелік белсенді азамат балаларға 250 мың теңгенің телефонын емес, тай алып беру керегін айтып, үндеу тастады. Өзі жанашыр азаматтарды тауып, ауданда ат спортын дамытуға үлес қосып отыр. Демалыс күндері көкпар мен тай жарыс ұйымдастырады. Қалталарынан қаржы шығарып, жүлде дайындайды.

Әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен Жадырасын Бимағамбеттің бұл үндеуіне үн қосып жатқандар көп. Тіпті, Қырғыз елінен де қолдаушылар табылған. Атбегінің өзі кішкене күнінен тайға мініп, бәйгеге шапқан. Қазір балаларды баптап жүр. «Негізгі мақсатым – балаларды телефонға тәуелді етпеу»,- дейді.

Жадырасын Бимағамбет, атбегі:

Бірінші кезде балам кітаптан жүгенді, ерді көрсетіп, мынау не деген кезде, намыстанып кеттім де, сиыр емес, жылқы емес, ат ұстадым. Содан үш-төрт бала тайға шығып, жарысып жүреді. Балаға қазақы тәрбие бермесек, несіне қазақ болып жүрміз?! Баламыз атқа мініп шаппаса, несіне қазақ болып жүрміз?!

Жадырасын Тұмабұлақ ауылында туып өскен. Қазір аудан орталығында тұрады. Ол өзімен ниеттес азаматтармен бірге әр сенбі, жексенбі күндері тай жарыс пен көкпар ұйымдастырады. Өз қалталарынан жинап, жүлде береді. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл жігіттерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз дейді.

Рүстем Ермағамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

Ұлттық спорт жақсы дамып келеді.Көкпар спорты дамып келеді ауданда. Аударыспақ дамып келеді және ат бәйгелері өтіп жатыр.

Ауылдағы ұлттық спорт жанашырларын кәсіпкерлер де қолдады. Олар жарыс өтетін алаңды қардан тазартуды мойындарына алған. Жадырасын қазір ұлымен бірге келесі додаға дайындықты бастады. Ол аудан орталығынан ипподром салынса, тіпті жақсы болар еді дейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу