Енді күлкілі емес: Телекөпірде ашылған жобалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді күлкілі емес: Телекөпірде ашылған жобалар

11.02.2024

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмадағы жиындарында өнеркәсіптік дамуға серпін беру үшін бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіптің иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Иә, бағана айтқандай, үкіметтің Ұлттық қор деген «ғажап сандыққа» қайта-қайта қол салу саясаты үдемелі деген де, индустриялық деген де, инновациялық деген де сипаттамаларды ешқандай салмағы жоқ, өтірік ақпарда жазылатын деңгейге түсірді.

Ащы күлкі туғызатын «күйге» түскен сөздерді «аяйсың». Елдос Есенбол жалғастырады.

Нұрболат Бекетаев Астана маңынан құрылысқа қажетті кварц құмын шығаратын зауыт ашқысы келген. Бірақ идеясы сол күйі жүзеге аспаған.

Нұрболат Бекетаев, жеке кәсіпкер:

Осындай-осындай ойымыз бар. Құм, кварц құмы дейді ғой. Сондайды өндіретін Ақмола облысында, Астананың шеттерінде көп карьерлер бар ғой. Солардан бір жер берсеңіздер дедік. Олардан жауап келмеді ешқандай.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев: «Мұндай жағдайлар құрылыс саласын индустрияландыруды бірнеше жылға тежейді» дейді. Ал, заманауи зауыт салуға ниетті азаматтардың қаржыға келгенде қолы байлаулы.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Екінші деңгейдегі банктер қаржыны бермейді. Өйткені оған залогқа қоятын мүлік керек. Ондай мүлік көп кәсіпкерлерде жоқ. Өйткені кем дегенде 5 миллиард, 10 миллиард жобаның бағасы. Ондай мүлік ешкімде жоқ. Біреуде осындай залог болса 10 миллиардқа ол өзі сатып немесе банк арқылы қойып «Дамудан» пайызға алмай өзі сала алады ғой.

Жаңа Үкімет шешуі тиіс мәселенің маңыздысы да осы. Себебі: «Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастыру қажет. Мен осы мәселені бірнеше рет көтердім. Алайда әлі күнге дейін жүйелі жұмыс жоспары жасалған жоқ. Қандай басымдықтар болуы керек, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі деген сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз.

Негізі Қазақстан Үкіметі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын осыдан 15 жыл бұрын қолға алған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше осы уақыт ішінде екі мыңға жуық жоба іске асқан.

Досжан Әлібеков, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің басқарма басшысы:

Өңделген өнім өндірісі 5,6 есеге артты. 3,8 триллион теңгеден 20,7 триллион теңгеге. Еңбек өнімділігі 29,6 мың доллардан 49,6 мың долларын құрады. Барлығы 12,5 триллион теңгені құрайтын 1831 жобаны осы уақытта іске асырдық.

Алайда сарапшылар бұл статистикаларға күмәнмен қарайды.

Айбар Олжай, экономист:

Көптеген адамдарды мен білем салынбаған зауытты жаңағы бір стенд қоя салып соны ашқан сияқты. Ол салынып бітпеген ішінде құрылғы да жоқ. Келмеген құрылғылар. Соны телемостта ашып жіберген. Біріншіден ол бюджеттен ақша алды. Екіншіден ол осылай істеуге болады екен ғой деген азаматтардың белгілі бір сенімін нығайтты да біздің елімізді кем дегенде 20 жылға кері апарып тастады.

Сөзімізге дәйек болуы үшін құрылысшылардан отандық зауыттар ішкі нарықты қамтуға қаншалықты қауқарлы екендігін сұрап көрдік.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Үйдің табаны бетон бар, цемент құм, тас. Және арматура. Арматураны біз сырттан әкелеміз. Тек қана бетон, цемент қана өзіміздікі. Үйдің қаңқасы ол да арматура мен бетон цемент. Сонда қаңқасы мен табаны 50% сырттан әкелеміз. Сыртқа қаптайтын материалды сырттан әкелеміз. Жартысы өзімізде бар. Ішкі өңдейтін материалдар бар түгел қосқанда біз 60% сырттан әкелеміз.

Нұрболат Бекетаев, жеке кәсіпкер:

Астананың айналасында зауыттар көп кірпіш шығаратын. Бірақ 150 маркалы кірпіш шығара алмайды да бізде. Біз Өзбекстаннан, Қырғызстаннан алып жатырмыз қазір. Олардың зауыттарының күші жетпейді шығаруға. 125 деген кірпіш шығарады. Кірпішпен салынатын үйлердің мысалы 10 этаж болса соның 8 этажына дейін 150 маркалы кірпіш болуы керек. Стандарты бар. Проекті бойынша.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Үкімет тарабынан болсам мен былай істеуші едім: Бүкіл елімізде қанша шикізат шығаратын орындар бар. Соны зерттеп статистика ретінде таблица құрушы едім. Соған байланысты Үкіметтің тарабынан қаражатты жұмсап, жобаны салып сол жобаны қаржы институтымен келісуші едім. Мінекей жоба бар, мінекей қаржы. Енді конкурс ашамыз. Қай кәсіпкер осыны салып ертең игере алады.

Құрылыстан бөлек, «Мұнай-газ, тау-кен компанияларының да заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндігі жетеді» деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында. Алайда тағы да 15 жылдықтың статистикасына қарасақ көңіл көншітпейді.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ сарапшысы:

Он бес жылдың ішінде тек қана бір ірі KPI жоба бекіткен. Полипропелен шығаратын жоба іске қосты. Қазмұнайгаз. Қытай қаражатымен, Қытай қолдауымен осы жобаны іске қосты. Атырау облысында білетін боларсыз.

Дегенмен заманауи зауытты ашу бар да, оны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі тағы бар.

Айбар Олжай, экономист:

Әңгіме біздегі шикізаттың жетіспеушілігінде болып отыр. Өйткені біз ТШО-ға Қарашығанақ, Қашаған үлкен кен орындарына қол жаюға мәжбүрміз. Онда отырған шет елдік инвесторлар. Олардың да өздерінің көрсеткіштері бар. Көптеген шикізатты шет елге шығару керек те, экспорттап қымбат бағаға сатып пайда табуы керек.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ сарапшысы:

Он жыл алсақ, жиырма жыл алсақ ешқандай бұрғылау жұмыстары болған жоқ. Геология жағынан ешқандай жұмыстар. Тенгиз кен орны болсын, Қашаған, Қарашығанақ кеңес үкіметінен қалған мұнай-газ жобалары. Сондықтан менің ойымша Үкімет бірінші бұрғылау жұмыстарын жүргізу керек. Оған қаражат бөлу керек.

Жалпы қай салада болмасын индустрияландыру кезең-кезеңімен жүзеге асуы керек дейді сарапшылар.

Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Міндетті түрде үш бағытта жұмыс жасауымыз керек. Бірінші қалыптастырушы жобалар, екінші ұйымдастырушы жобалар, үшінші соның нәтиже беруші жобалар. Яғни, біз 2010 жылдан бері осы индустриалдық кезеңнің бірінен соң бірін жүзеге асырмадық. Ол уақытта сәнге көбірек көңіл аударылып слайдты экономиканың қағидаттары жүзеге асырылып планшет шығаруға немесе самолет шығаруға бағытталдық та олардың барлығы үлкен сәтсіздікке алып келді.

Елдос Есенбол, тілші:

«Өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында қашан іске асатыны да белгісіз. Тек жаңа Үкіметтің тағы 15 жылды зая кетіруге хақы жоқ.


Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу