Қарағанды облысында 4 ауылдан ет пен сүт тасымалдауға тыйым салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 4 ауылдан ет пен сүт тасымалдауға тыйым салынған

09.02.2024

Қарағанды облысының 4 елдімекенінде ет-сүт өнімдерін тасымалдау мен сатуға тыйым салынып отыр. Өткен жылы мамандар үй жануарларының ауруы тіркелген 22 ошақты анықтаған. Төртеуінде әлі де шектеу шаралар сақталған.

Қарқаралы ауданында бруцеллез бен құтыру бойынша шектеу енгізілсе, Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында өткен жылдың мамыр айында енгізілген шектеу әлі алынбаған. Онда жылқы арасында лимфангит тараған. Басқаша айтқанда, африкалық сап деп аталатын кесел тек жұмыр тұяқты жануарларға жұғады. Оны жұқтырған жылқы денесін ірің жайлап, жүріп-тұрудан қалады. Қауіпті ауру көршілес Төрткөл ауылында да жылқыларға жұққан. Жануарлардан қан сынамалары алынып , зертханада тексерілуде.

Мамандардың айтуынша індеттің дәрісі әлі табылмаған. Қазір 200-ге жуық жылқының көзі жойылып, біраз бас оқшауда тұр. Жалпы өткен жылы мал ауруы 40 пайызға азайған. Бірақ Топар кентінде ірі қарадан шыққан қарасан ауруы салдарынан бір адам қаза тауып, індет жұқтырған екі адам сауығып шықты. «Осындай қауіпті індет шыққан өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілетін болады»,- дейді ветеринарлар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу