Астанада 18 ұшақ кешігіп, 15 рейс тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 18 ұшақ кешігіп, 15 рейс тоқтатылды

08.02.2024

Бүгін Елордадағы ақтүтек боранның кесірінен 20-ға жуық ұшақ бірнеше сағатқа кешігіп, 15 рейс тоқтатылды. Тіпті, әуежайда кешеден бері жүрген жолаушының қарасы көп. Жартысы әуе билеттерін қайта өткізіп жатcа, кейбірі боранның басылғанын күтіп жүр. «Қазгидрометтің» болжамынша ертең де Астанада қатты боран соғып, көк тайғақ болады. Желдің ұйытқуы секундына 30 метрден асады деп отыр. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға мейілінше үйде отырып, алыс жолға шықпауға шақырды.

Қазір әуежайдағы кейбір компания өкілдері ұшағы кешіккен адамдарға тегін су мен тамақ таратып жатыр. Билетін алдағы күнге ауыстыра алмай жүрген жолаушылар да жетерлік. Ал әуежай әкімшілі күн райы қалыпқа келмейінше рейстерді кешіктіріп, тоқтата береміз деп отыр. Қазірдің өзінде әуежай айлағында желдің ұйытқуы секундына 25 метрге жақындады.

Бүгін Астана әуежайында 72 рейс жоспарланған еді. Оның 15-тоқтатылып, 18-і бірнеше сағатқа кешікті. Қазір әуеайлақты қалың қардан тазалау жұмыстарына 23 арнайы техника жұмылдырылған.

Елордадағы желдің екпіні қатты болғаны сонша кейбір көшедегі бағдаршам бағаналары құлап қалған. Бораннан қарыс қадам көрінбегесін көшеде көлік кептелісі де көп болды.

Гүлмира Шырақметова, Астана қаласы ПД баспасөз бөлімінің бастығы:

Астанада таңертеңнен бері 112 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ауа-райының қолайсыздығын ескере отырып Астана қаласы полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда жүру ережесін қатаң сақтауға шақырады.

Бүгін Астанада екінші ауысымдағы оқушылар сабақты қашықтан оқыды. Ал боранға қарамастан қар тазалау жұмыстарына 2400 адам, 1600 техника жұмылдырылды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек, елордадағы коммуналдық қызмет күштейтілген режимді жұмыс істеп жатқанын хабарлады. «Қазгидрометтің» болжамынша ертең де Астанада қатты боран соғып, көк тайғақ болады. Желдің ұйытқуы секундына 30 метрден асады деп отыр. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға мейілінше үйде отырып, алыс жолға шықпауға шақырды.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу