Кеден бекетінде тауар тасымалы тежеліп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден бекетінде тауар тасымалы тежеліп тұр

08.02.2024

Маңғыстауда Түрікменстанмен шекарадағы Темір Баба кеден бекетінде шет елдерден келген тауарлар тасымалданбай жатыр.

Себебі, жүк тиелген шетелдік нөмірлері бар тіркемелерді жергілікті көліктерге тіркеп, тасымалдауға заңмен тыйым салынды. Ал, осы кезге дейін кеден бекетіндегі азық-түлік, көкөністерді Ақтау мен өзге де қалаларға маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар жеткізіп отырған. Енді заңдағы өзгерістерге байланысты, жүргізушілер жұмыссыз қалып, көліктер қаңтарылып тұр. Қазақ-түркімен шекарасында орналасқан Темір баба кеден бекетіне Түркия, Иран, Түркіменстан елдерінің тауарлары келеді. Жүк тиелген шетелдік тіркемелерді діттеген жеріне жеткізу үшін, 400-ге жуық маңғыстаулық жүк тасымалдаушы қызмет көрсетеді.

Медет Қадыров, жүк тасымалдаушы:

Менің бір машинам кредитте тұр. Бір машин жалғыз алған Дамудан алған. Кредит ол да айына 743 мың теңге кредит төлеймін. Бізде тек қана Түрікменстан граница арқылы жұмыс жасаймыз. Бізде басқа возможность жоқ. Келетін тамақ бәрі сол жақтан келеді. Запчасть та басқа да. Сондықтан осы перецепкіні ашып беруін сұраймыз, өтінеміз. 

Былтыр да шетелдік жүк тиелген тіркемелерді тасуға тыйым салынып, азық-түлік тиелген тіркемелер шекарада тұрып қалды. Салдарынан Маңғыстауда баға шарықтап кетті. Құзырлы орындардың араласуымен, бұйрықтың орындалуы бір жылға шегерілген болатын. Жүк тасымалдаушылар тағы көмек сұрап, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу