2026 жылға дейін еліміздегі барлық орта білім беру ұйымдары «Жайлы мектеп» деңгейіне көтерілуі тиіс. Бұл жөнінде Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Қазір Республика бойынша жақсы жабдықталған 6 мың мектеп бар. Мың жарымының жағдайы көңіл көншітпейді. Олардың көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Тұрғындармен және білім беру саласы өкілдерімен кездескен министр қазір бұл олқылықтарды жою үшін ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айтты. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріледі. Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты жою міндеті де күн тәртібінде тұр.
Қаламқас Тілеубаева, Маңғыстау облысы Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры:
Қала мектебі мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық менің басқарып отырған білім ұйымымда жоқ деп айтуға болады. Себебі, біздің мектеп республикалық деңгейдегі төрт рет үздік ауыл мектебі атағын алған олипмидалық мектеп.Біздің мектеп облыстық деңгейдегі үздік білім беру ұйымдарының бірншеше гранттарын жеңіп алып, 25 млн теңгені мектеп қоржынына құйған мектеп.
Алыс елді мекендерде осындай жетістіктерімен мақтана алатын білім беру мекемелері көп емес. Сондықтан мектеп басшылары мен педагогикалық құрамның біліктілігін арттыруға да күш салынуы тиіс. «Заманауи мектепті басқару: трендтер және келешек» атты мектеп директорларының республикалық форумының мақсаты да – осы. Бұл жиынға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының орта білім беру ұйымдарының 740 басшысы қатысты. Олар білім сапасын арттыруға қатысты тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдірді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Мектептегі сапа менеджментін қалыптастыруда былтырдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, біз білімдегі өзгерістердің 1000 көшбасшысын әзірлеу жобасын іске қостық. Соның негізінде былтыр 208 үміткер оқудан өтіп, қазір мектептерге тағайындалу үстінде. Биыл оны 3000-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Жақсыбек Кемал