Еуропаның бірнеше елінде фермерлер ереуілі басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаның бірнеше елінде фермерлер ереуілі басылмай тұр

31.01.2024

Еуропаның бірқатар елінде фермерлердің ереуілі басылмай жатыр. Бельгия, Франция, Германия мен Польшада шаруалар бірнеше күн қатарынан тас жолдарды жауып тастады. Олар қымбатшылық, Еуроодақтың экология жөніндегі саясаты мен арзан импортқа наразы. Қордаланған мәселелер шешілмесе, бұл ауылшаруашылық саласының келешегіне нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдайды. Наразы шаруалар талаптары орындалмайынша тарқамауға бел буған. 

Бельгиялық фермерлер Брюссельдегі жолдарды бейсенбіде, яғни Еуроодақ саммиті өтетін күні де ашпауға бел буған. Тракторлар Еуропарламент ғимаратына жақын маңға аялдады. Наразы топ үшінші күн қатарынан ел аумағындағы тас жолдарды бөгеп жатыр. Олар ауылшаруашылық стандарттарының тым жоғары болуына, азық-түліктің арзан импортына және дизель отынының қымбаттауына наразы. Бюрократиялық тексерулердің көбейіп кеткені де қынжылтады. Шаруалардың мәлімдеуінше, қордаланған мәселелер шешілмесе, ауылшаруашылық саласының келешегі бұлыңғыр.

Аделин Десмехт, фермер:

Бұрын құжаттарды рәсімдеу қатаң түрде жүргізілмейтін. Қазір тексеріс көбейіп кетті. Біз егістікте қалаған дәнді-дақылды қалаған күні еге алмаймыз. Қалаған күні егін жинай алмаймыз. Уақыты қатаң белгіленген. Шектеу тым көп.

Осыған ұқсас ереуіл Францияда да өтіп жатыр. Талап ортақ. Оларды да бағаның қымбаттауы, арзан импорт, шектеулердің тым көп болуы, табыстың азаюы алаңдатады.Үкімет болса, наразылықтардың күшеюіне жол бермеу үшін субсидияларды қысқарту жоспарынан бас тартты. Бұған қоса, экологиялық ережелерді жеңілдетуге уәде берді.

Эмманюэль Макрон, Франция президенті:

Фермерлерді қорғау үшін заңдарымызды толықтай қайта қарап, жеңілдету бойынша жұмысты жалғастырамыз. Мәселелер келіссөз жүргізу арқылы әділ түрде шешіледі. Бұл - Еуропа елдеріне ортақ мәселе.

Фермерлер Еуроодақтың Еуропаны 2050 жылға қарай «климаттық тұрғыда бейтарап» ету жоспарымен келіспейді. Оған сай, 2030 жылға таман тыңайтқыштарды, пестицидтерді қолдануды азайту тәрізді бірқатар шектеу көзделген. Алайда шаруалардың мәлімдеуінше, Еуроодақтың «жасыл бағытын» орындау мүмкін емес әрі ол қымбатқа соғады. Бұл ереуілдердің қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Еуропа тұрғындары фермерлерге түсіністікпен қарайды. Алайда ұзаққа созылған наразылық акциясының ауыр салдары болуы мүмкін деп алаңдайды.


Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу