Еуропаның тағы бірнеше елінде коронавирус тіркелді

26.02.2020

Олардың барлығына қауіпті ауру Италиядан жеткен. Сонымен қатар, жаңа инфекция Африкадағы Алжирден, Латын Америкасындағы Бразилиядан да анықталып отыр. 

Қарт құрлықта COVID-19 вирусын Австрия, Хорватия, Швейцария, Франция, Испания азаматтары жұқтырған. Испанияда қазір мың шақты адам карантинге жабылып отыр. 

Италияда жұмбақ дерттен 11 адам қайтыс болып, оны жұқтырғандар қатары бір тәулікте 45 %-ке өсіп, 322-ге жетті. 

Азияға ойыссақ, Оңтүстік Кореяда коронавирусқа 1100-дей адам шалдықты. Мұнда да 11 науқас жан тәсілім еткен. Науқастар саны алдағы күндері тіпті өсуі мүмкін. Өйткені, дәрігерлер қазір Иса Пайғамбар шіркеуінің мыңдаған мүшесін тексеріп жатыр. 

Коронавирус Қытайдың Ухань қаласында желтоқсан айында пайда болды. Соңғы мәліметке қарағанда, оны әлемде 80 мыңнан астам адам жұқтырып, 2715-і қайтыс болған.

Бұл инфекциядан қауіп төнсе, биыл Токио Олимпиадасы көшірілмей, кейінге қалдырылмай, мүлде доғарылады деген ақпарат тарап отыр. Алайда, жапон үкіметі мен Халықаралық Олимпиада Комитеті мұны Жазғы Ойындарды ұйымдастырушылардың ресми позиция емес деп мәлімдеді.

Айта кетсек, Жапонияда коронавирус диагнозы бүгінге дейін 860 адамға қойылған.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу