ШҚО-да қар тазалауға ауыр техника жетіспей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да қар тазалауға ауыр техника жетіспей жатыр

25.01.2024

Шығыстағы Марқакөл ауданындағы Шанағаты мен Балықтыбұлақ ауылдары қаңтардың сегізінен бастап қар құрсауында отыр. Бұл шағын елдімекендерге қатынайтын жол аудандық маңызда. Сондықтан оны қардан тазалау жергілікті коммуналдық мекеменің міндеті. Алайда аудандағы салаға жауапты мамандар ауыр техниканың аздығын қолбайлау екенін жасырмайды. Ал жаңбыр араласа жауған қасат қарға арнайы техниканың күрегі батпай жатыр. Көбі ескі. Бір күн жұмыс істесе екі күн сынып тұрады. Бүгінге дейін жолы ашылған Ақжайлау, Бұғымүйіз, Төсқайың ауылдарының ішіндегі көшедегі қардың қалыңдығы да ат бойындай. Оны тазалау да көп уақыт алады. Тұрғындар көшеде жүріп-тұрудан қиналып отыр.

Күлмесхан Байсақов,Төсқайың ауылының тұрғыны:

Қар жоқта келеді тракторлар. Қар жауды бір трактор келген жоқ. 15 күн жол болмады. Мына Шанағаты мен Балықтыбұлаққа 1 ай жол жоқ. Ешкім күремейді.Тендер ойнап алған істемейді.

 Жанболат Мұстафин, ауыр техника жүргізушісі:

Өткен түнде аяздың күші -45 градусқа жетті. Сондықтан техниканы бір сәт сөндірмедік. Тәулігіне 2-3 сағат қана көз ілеміз. Бірақ қатып қалған қарды алу өте қиын. Бір жүрген жеріңді 3-4рет күрейсің. Ескі техника сынады. Оған қарамастан тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу