Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған заң жобасы дайын. Енді маңызды құжат жақын күндері парламент қабырғасында талқыға түспек. Әйелі мен бала-шағасына қол көтеретіндерге жазаны қалай күшейту көзделген? Заңға қандай өзгерістер енгізілмек? Тілшіміз айтсын.
Қорлық көріп, қорғансыздың күнін кешкендер азаймай тұр. Статистика адам шошытады. Мәселен былтыр балаларға қарсы екі жарым мың қылмыс жасалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы 100 мыңға жуық арыз түскен. Айдың күннің аманында 69 әйел мен 7 бала жер жастанды.
Отбасылық жанжалдың алдын алу үшін Ұлттық комиссия, полицейлер, депутаттар, қоғам белсенділері, адвокаттар, адам мен бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілдер біраздан бері заң жобасын әзірлеп, жазаны күшейту мәселесін талқылаған еді. Енді құжат дайын. Комиссия мүшесі Снежана Имашеваның айтуыша заң жобасын әзірлеу кезінде отбасына қол көтерген азаматты қай кодекс бойынша жазаға тарту мәселесі біраз пікірталас туғызған.
Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құқық қорғау органдарының айтуынша зорлық-зомбылық көрсеткен адамдарды әкімшілік кодекс бойынша жазаға тарту тез. Ал қылмыстық кодекс болса, іс созылып кетуі мүмкін. Десе де жазаны күшейту үшін қылмыстық кодекс қажет. Яғни екеуінің тиімді және кемшін тұстары бар.
Десе де заң жобасын әзірлеу кезінде "қылмыстық жазаға тарту керек" деген дауыс басым түскен. Сондықтан енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына зиян келтіргендер әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Әрі сотқа отбасының шырқын бұзған азаматтарды тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергемек.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция Комитетінің Аға инспекторы:
Сонымен қатар ІІМ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше, бөлімше құрылатын болады. Ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық зомбылық күреспен ғана айналысады.
Мамандар заң жобасы қолдау тауып, қабылданып жатса, әлсіздерді қорғайды деген сенімде. Бастысы әркім өз құқығын білсе болды.
Нәзипа Шанай, Қазақстан Халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрағасы:
Бүкіл белсенді деген Қазақстанның қоғамы бұл заңның қажеттілігін әр ауылға дейін жеткізу керек. Себебі бүгін әлі біз өз құқығын қорғай алмайтын, өз заңын білмейтін ортада өмір сүріп жатырмыз.
Ал полицейлер болса қазір "Тұрмыс" профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр. Яғни ішкілікке салынған, үнемі жанжал болатын отбасыларға барып тексеріп жүр. Айта кетейік жыл басынан бері зорлық-зомбылық фактісі бойынша 10 мыңға жуық арыз түсіп үлгерді.