Алматыдағы жер сілкінісі: Полиция жалған ақпарат таратқандарды іздеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жер сілкінісі: Полиция жалған ақпарат таратқандарды іздеп жатыр

23.01.2024

Полицейлер Алматыдағы жер сілкінісі кезінде фейк ақпарат таратқандарды іздеуді бастады. Жалған мәліметпен елді дүрліктіргендер енді заң алдында жауап береді. Үйлер құлап жатыр деген қауесетке сенген алматылықтардың кейбірі түннің бір уағында үйін тастап сыртқа қашқан. Фейк таратудың қаупі қандай? Тақырыпты Жандос Темірғали зерттеп көрді.

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде фейк ақпараттар да тарап, жұрт кімге сенерін білмей састы. Мәселен мына жазбада «Университет жатақханасының 4 қабаты құлап, ішінде 4 студент қалды» делінген. Оған дәлел ретінде мына астаң-кестең болып опырылып жатқан тұрғын үйдің суретін салған. Іле-шала, сол жатақхананың студенттері таратылған мәліметтің жалған екенін жазды.

Онсыз да үрейленген халықты әлеуметтік желіде тараған фейк ақпараттар одан ары шошытты.

Кім таратқаны белгісіз аудиожазбалардың сарыны бір. Алматыда жойқын жер сілкінісі болады. Үйлер құлайды. Телефонына келген түрлі фейк хабарламалардан қорыққан тұрғындар түнімен ұйықтамадық, дейді.

Фейкпен күресіп жүрген фактчекер мамандар жалған ақпараттың табиғи апаттан да қауіпті құбылыс екенін айтады. Мұндай ақпаратты оқыған адам ара-жігін ажыратпай, бос байбаламға берілсе, соңы қайғылы жағдаймен де аяқталуы мүмкін.

Думан Смақов, Factcheck.kz сайтының бас редакторы:

Тіпті, миға қонымсыз абсурд жалған ақпараттардың да болған кезін көрдік. Мысалы, 13 балдық жер сілкінісі болады деген. 13 балдық жер сілкінісі ол ешқашан болмаған. Және ол жоқ дүние. Жалған ақпараттың дәл осындай төтенше жағдай кезінде, тіпті төтенше жағдайдың себеп-салдарынан да қауіпті екенін көріп отырмыз.

Алмас Тоқабаев, қоғам белсендісі:

Әрине, үрейдің үстіне үрей сеуіп, адамдарды қорқытып. Тіпті сенгіш қой адамдар. Айдың күннің аманында әлгі ақыр заман болады екен деп дүкендегі қанттың бәрін сатып алып кететін адамдар бар. Фейкті анықтай білу үшін оқуың керек, білуің керек. Тіпті, болмаған күннің өзінде гуглға салып, бесінші бетіне дейін тексерсек, соның ішінде нақты бір үш көзден ол ақпарат расталса, сенуге болады.

Ал, полиция жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендерді іздеуді бастады.

Гүлмира Шрахметова, Астана қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы:

Онлайн платформаларды пайдалана отырып, жасалған дәл осы іс-әрекет 3 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жыл мерзімге дейін бас бостандығын шектеуге, бас бостандығынан айыру жазасы барын ескертеді.

Әзірге жер сілкінісі жайлы фейк таратқандар ұсталған жоқ. Кінәсі дәлелденсе олар ірі мөлшерде айыппұл төлеп қана қоймай қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал мамандар тек ресми органдар таратқан ақпараттарға ғана сену керектігін айтады.

Жандос Темірғали

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу