Ақмола облысындағы ауыл-аймақтарда электр желілерінің 70 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы ауыл-аймақтарда электр желілерінің 70 пайызы тозған

23.01.2024

Ақмола облысындағы ауыл-аймақтар жарыққа жарымай отыр. Өңірдегі желілердің 70 пайызы әбден тозған. Мәселен, Біржан сал ауданында жел тұрып, боран соқса, тұрғындар тәуліктеп электр қуатынсыз қалады. Аймақтағы энергетикалық кәсіпорын оны жамап-жасқағанымен мәселе шешілер емес.

Жетпісті алқымдаған Серік Омарханов жарық өшсе, қақаған қыста бүрсең қағып отырады. Зейнеткер күні-түні пеш жаққанымен, одан пайда жоқ. Себебі жылуды үйге жіберетін арнайы қондырғы электр қуатынсыз мүлдем жұмыс істемейтін көрінеді.

Серік Омарханов - Степняк қаласының тұрғыны:

Тоқ болмаса, циркуляция болмайды да, үйдің іші суып кетеді. Біз бабушка екеуміз бір жерде отырамыз. Пештің жанында. Біз өзі кәрі адамдар жылуды жақсы көреміз. Сондықтан мынау бізге әрдайым тоқ болуы керек.

Ашынған халық әкімдіктің табалдырығын тоздырып шаршаған. Соңғы үш аптада аймақтағы электр желілерінде алты рет апат болып , тұрғындар жарықсыз қалған.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Аудандағы электр желілері 80 пайызға тозған. Бағаналар қисайып, электр сымдары үзілуге шақ тұр. Сондықтан жел тұрып, жаңбыр жауса, жарық өшеді.

Аудандағы 112 трансформатор мен 576 шақырым электр желісі жеке компанияның меншігінде. Олар жарық өшсе, үзілген сымдарды жөндеп әлек. Алайда, одан мәселе шешілер емес.

Азамат Зейнуллов, «Көкшетау-Энерго» серіктестігінің бөлімше директоры:

Тұтас аудан бойынша жарықтың бір мезетте өшуі болған жоқ. Тұрғындар электр қуатынсыз қалса, біз барлығын тездетіп жөндеуге тырысамыз. Алайда, қазір желілер әбден тозып тұр. Оны жаңарту үшін тек біздің ауданға ғана 8-9 миллиард теңге қажет.

Аймақтағы бағаналар мен электр сымдары осыдан жарты ғасыр бұрын орнатылған. Соңғы алты жылда оның небәрі 0,5 пайызы алмастырылыпты. Оны толықтай жаңарту қиын. Себебі бұл салаға құйылатын қаржы жеткіліксіз. Жалпы бұл мәселе тек Біржан сал ауданында ғана емес, өңірдегі барлық ауыл-аймақтарда өзекті.

Данияр Қуанышбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

 Облыстағы желілердің барлығы шамамен 70 пайызға тозып тұр. Қазір энергетикалық кәсіпорындар инвестициялық бағдарламалар аясында жұмыс істейді. Оларға қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әрине, бұл ақша жеткіліксіз. Бірақ барлығын ақырындап жаңартып жатырмыз.

«Ал бұл саланы жаңарту үшін тарифті өсіру қажет»,-дейді мамандар. Дегенмен бұл қарапайым халықтың қалтасын қағары анық.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу