Инфляция деңгейі екі есе, яғни 9,8 пайызға дейін төмендеді. Бұл Үкіметтің Ұлттық банкпен және өңір әкімдерімен бірлесе атқарған шараларының нәтижесі. Мемлекет басшысының қабылдауында болған Премьер-министр Әлихан Смайылов 2023 жылғы даму қорытындысын осылай түйіндеді. Үкімет басшысының айтуынша, ел экономикасының өсімі 5,1 пайыз болған.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 39,5 миллиард долларға дейін жетті. Жұмыссыздардың қатары да азайған. Былтыр шағын және орта бизнес саласында 500 мыңдай адам жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек, Үкімет бүкіл әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толық көлемде орындап отырғаны туралы айтылды. Премьер-Министр биыл 3,8 триллион теңге болатын тағы 326 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді. Осы ретте 15 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, энергетика және құрылыс салаларында реформа жүргізу, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа әдістерді енгізу жоспары да сөз болды. Әоихан Смайылов «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жүзеге асырылу барысы, «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесінің енгізілуі, денсаулық сақтау және туризм салаларының дамуы жайын да баяндады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Асылбек Данияр