Жылыжайлар көбейе ме десек, керісінше, азайып барады. Аграрлық несие корпорациясы фермерлік жылыжайларды қаржыландыратын арнайы бағдарламаны ақыры дайындамаған. Шаруалар микроқаржы ұйымдарынан 45 пайызбен несие алуға мәжбүр. Бұл мәліметті Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров жариялады. Осы мәселені зерттей бастағанда жылыжай көбейсе, көкөніс бағасы арзандау бола ма деп ойлау да қате сияқты деп қалдық. Базардағы саудагерлер өз жерімізде өсірілген қияр мен қызанақтан импорт өнімдердің арзан екенін айтады. Неге дейсіз ғой? Елдос Есенболдың материалы.
Базар іші дуылдап тұр. Сөреде самсаған жеміс пен көкөністің бәрі бірдей отандық өнім емес. Түлкібастың алмасынан бөлек түрікменнің қияры, Тәшкеннің қызанағы деп кете береді...
Сәкен Қосмұратов, сатушы:
Әр қаладан, әр мемлекеттен келеді. Айва Турциядан келеді. Помидор Тәшкеннен келеді. Көтерме базардан аламыз. Содан бері қарай өзіміз алып келеміз де, үстіне 50-100 теңге қосамыз. Көп қоса алмаймыз. Халықтың қалтасы көтермейді оны.
Астана базарларында қиярдың келісі 1000 теңгеден басталып 1300-ге, қызанақ 1000 теңгеден 1500 теңгеге дейінгі аралықта саудаланып жатыр. Ал шет елдің өнімімен бәсекелесетін, отандық жылыжайларда өскен көкөніс пен жеміс қайда? Болса, саудагерлер неге соны саудаламайды?
Ұлбала Ахаева, сатушы:
Өзіміздікі қымбаттау болады. Шеттен келген сәл арзандау болады. Енді оның мен білмеймін не үшін олай екенін...
Не үшін олай екенін жылыжай иелерінің өзінен сұрадық. Мырзахмет Сынабаев шымкенттік шаруа. 1 гектар аумақта жылыжай ұстап отырған азамат. 17 жылдан бері осы кәсіпте.
Мырзахмет Сынабаев, Түркістан облысы мен Шымкент жылыжайлар қауымдастығының төрағасы:
Бір гектар жылыжайды жылыту үшін орта есеппен күніне 3 мың куб газ кетеді. 3 мың куб газыңыз бүгінгі таңда 120 мың теңге. 1 сөткеде 120 мың теңгені жағады бұлар. Бір гектардың өзіне тыңайтқышқа 10 миллион теңгедей кетеді. Ол тек қана тыңайтқышқа.
«Көшеттің де бір қорабының арзаны 30-40 мыңнан, қымбаты 300 мың теңгеге дейін барады. Осындай шығынды ақтау үшін өнімді қымбатыраққа сатуға мәжбүрміз» дейді шаруалар. Ал бұндайға төтеп бере алмаған кей шаруалар жылыжайын бұзып, қаңқасын «турап» темір-терсекке өткізіп жатқан жайы бар екен.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Былтыр біз қызанақты 200 теңгеден сата алмаған кезде Түрікмен мен Өзбекстаннан келген қызанақтың бағасымен сай бола алмадық. Сол демпингтің кесірінен биыл біз сол қызанақты еккен жоқпыз. Биыл қазақстандықтар сол шет елден келген қызанақты 1000 теңгеден алуға мәжбүр болып жатыр.
Самат Сұлтанов, жеке кәсіпкер:
Екі мыңыншы жылдары әкем ертеректе қайтыс болған. Содан үйдің бар ауыртпашылығы өзіме түскеннен кейін әртүрлі жұмысты істей келе осы диқаншылықты қолға алып, бет бұрып егіншілікті бастап кеттім. Өзім еңбектеніп, ізденіп әлеуметтік желілерден, жаңағы ютуб дейді ғой, солардан көріп бір кісідей меңгеріп кеттік.
Бірақ жылыжайдың шығынын естіп, бұл шашпа кәсіп екен деп шошып кетпеңіз. Істі үй жағдайында да дөңгелетуге болатынын Самат Сұлтанов дәлелдеп отыр. Бастапқыда 4 сотық жерге кәдімгі қолда бар ағаштан жылыжай салған азамат. Қазір көкөнісі мен жеміс-жидегін өзі жеп қана қоймай, пайда тауып отырған жайы бар.
Самат Сұлтанов, жеке кәсіпкер:
2017-де 500 мыңдай ақша салып содан бастадым. 4 соттықтан. Бір соттық жылыжайға менікіндей кішкентай пеш қоятын болса айына 1 тоннаның көмірі кетіп отырады. Біз жақтағы көмірдің бағасы қазір 30 мың теңгенің көлемінде. Бірақ одан көретін пайда тілін тауып қарай алсаңыз бір соттықтан жақсылап қарай алсаңыз 500 мың мен 1 миллион теңгенің арасында пайда табуға болады.
Самат Сұлтанов желідегі парақшасында білгенімен бөлісіп, үйретіп жүр. Қазақстанның әр түкпірінде тіпті, Ресей, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерде де шәкірттері бар.
Жылыжай тек жылы жақтар үшін арналған деген «қағиданы» бұзған жанның бірі Салтанат Жұбаева. Қысы суық, жазы ыстық, топырағы сортаң Атыраудағы жылыжайында лимон өсіріп отыр. Былтыр күзде 40 соттық жерден 1,5 тонна өнім алған.
Салтанат Жұбаева, жеке кәсіпкер:
Қалай жұмыс жасаңыз сонша өнім аласыз деген сияқты. Қанша өнім алсаңыз сонша ақша болады деген сияқты. +02:12 Жылыжайда енді жақсы күтім болса бір лимон түбі 400-500-ге шамалас өнім береді килограмм.
Бір кездері жылыжайының төбесі тесіліп, 100 түп лимон ағашының 90 түбін үсіріп алыпты. Сол 10 түп ағаштан өрбіген бақ бүгінде осындай. Бірақ Салтанат осымен тоқтап қалғысы келмейді.
Салтанат Жұбаева, жеке кәсіпкер:
Атырау лимон бағы деген секілді адамдар отырып демалатындай бір орын жасағымыз келеді. Жердегі жәннатты қолдан жасағымыз келеді қолдан келгенше.
Демек жылыжай кәсібін өркендетуге ауа-райы да кедергі емес. «Қолымды бос қойсаң, қарекет қылуға дайынмын» дейтін шаруа да бар. Ал Үкімет қолдап отыр ма?
Дамир Аспан, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
Бірақ өндірістік жылыжай болсын, фермерлік жылыжай болсын олар белгілі бір дәрежеде метрология комитетінің әзірлеген стандарттық сертификаттары бар. Сол сертификаттарды алуы тиіс. Соны алғаннан кейін барып олар субсидияға өтініш беруіне мүмкіндік болады. Былтырғы жылдың соңында 900 миллион теңге бөлініп Түркістан мен Шымкент қаласында орналасқан жылыжайларды қолдау ретінде бағыттадық.
Самат Сұлтанов, жеке кәсіпкер:
Үлкен дамып кеткен жылыжайлар бар ғой. Былайша айтқанда современный теплицалар. Үкімет субсидияның бәрін соларға береді шындап келгенде. Біз сияқты кішкене фермерлік соттық теплицаларға бермейді көмек.
Үкіметтегілер: «Үлкен, кіші деп алаламадық» дейді. Ал шаруалар: «Біздің қолға тимейді» деп зар жылайды. Айналып келгенде бұл азық-түлік қауіпсіздігі екенін министрлік қашан ескереді?
Алмасбек Садырбай, агросарапшы:
Алты жылыжай 50 пайыз бюджетті алып қойды. 250 миллионнан астам ақшаны. Олар ауылшаруашылығы министрлігімен, Түркістан облысы әкімшілігі төңірегінде олардың өздерінің лоббистері бар. Олар мына ережеге мүлде енбеу керек болған. Өйткені құлап, күйреп, өнімін далаға лақтырып жатырған ол біздің фермерлік жылыжайлар еді.
Қызығы, Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық жылыжайлардың ішкі нарықты қанша пайызға қамтып отырғанын тап басып айта алмады. Фермерлік жылыжайларды қаржыландыратын арнайы жоба да әлі күнге дейін дайын емес. Ал бұл уақытта жылыжайларға көмір жеткізуші делдалдар қалтасын қампайтып жатыр.
Алмасбек Садырбай, агросарапшы:
Біздің жылыжайларға жарайтын көмір Шұбаркөлде шығады. Шұбаркөлде сол көмірдің құны 7 мың теңге. Сол Шымкентке, Түркістанға теміржолмен жетіп ортадағы небір бәле, делдалдардан кейін 25-30 мың теңге болады. Біз Үкіметтен сұрадық. Нақты вице-премьер Жұманғаринге. Бізді кен орнымен көмір шығып жатқан прямой договор жасап беріңіз деп. Жасап берді. Бізге 7 мың теңге емес, 12 мың теңгеден жасап берді.
Елдос Есенбол, тілші:
Әлемге мынау қызғалдағымен танылған Нидерланд деген мемлекет бар ғой. Жер аумағы Қазақстаннан 65 есе кіші. Міне, осы Еуропа елі былтыр ауылшаруашылығы өнімін экспорттауда әлем бойынша екінші орынға тұрақтапты. Қолда бар ресурсты пайдалана білудің жарқын мысалы ма дерсіз. Ал Қазақстандағы жылыжайларда тіпті, лимон да емес, басты көкөніс дейтін қияр мен қызанақты көптеп өсіре алмай отырғанда, қызғалдақты сол Нидерландтан тасығанымыз – тасыған. Қыз-келіншектерге мынадай көк жуа сыйламайтын шығармыз енді...
Елдос Есенбол
