АҚШ-та тағы жиырма штат экс президентті сайлаудан шеттетпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та тағы жиырма штат экс президентті сайлаудан шеттетпек

16.01.2024

АҚШ-та сайлау алды науқан үлкен саяси жанжалға ұласып жатыр. Екі штат Республикалық партияның басты үміткері Доналд Трампты 2021 жылы жақтастарын бүлікке айдап салды деген айыппен праймеризден шеттетіп тастады. Бұған қарымта жауап ретінде респуликалықтар басым өзге штат АҚШ президенті, демократ Джо Байденге де жергілікті деңгейде сайлауға қатысуына жол бермейміз деп ескертті.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Күзде өтетін президент сайлауы қарсаңында үміткерлерді партияішілік іріктеу бәсекесі қызған шақ қазір. Алайда, Майн мен Колорадо штаттары Дональд Трампты сайлау бюллетенінен алып тастап, оның саяси науқанға қатысуына тосқауыл болды. Басты себеп, экс президент жақтастарының 2021 жылы қаңтарда Капитолийді басып алуға әрекет жасауына тікелей кінәлі деп отыр. Ал, конституция бойынша бүлік жасаған лауызымды тұлға атқарушы билік тізгінін қолына ала алмайды.

Ричард Пильдес, конституциялық құқық профессоры:

14-ші түзету аясында АҚШ-қа, АҚШ Конституциясына ант берген кез келген тұлға кейіннен АҚШ-қа қарсы көтеріліске қатысса федералдық немесе штаттар деңгейінде қандайда бір лауазымдарды иелене алмайды. Бұл тиым азамат соғысынан кейінгі қайта құру дәуірінің бір шарты ретінде енгізілді. Яғни, бұрынғы бүлікшілерді федералдық немесе штаттардың биліктеріне жолатпас үшін жасалған нақты ереже.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Соттың осыдан 156 жыл бұрын конституцияға енгізілген түзетуге сүйеніп шешім шығаруы АҚШ тарихында алғаш рет болып тұр. Бірақ, Трамптың сайлауалды штабы мұнымен келіспей, Вашингтондағы жоғарғы сотқа шағым түсірді. Олар екі штат та саяси көзқарастары себепті республикалық партияның негізгі үміткерін сайлаудан аластатпақ деп айыптады. Себебі, конституция бойынша экс президентке жаза қолдануға ешкімнің хақысы жоқ деп санайды.

Стивен Сальцбург, Джордж Вашингтон университеті заң мектебінің өкілі:

Трамптың негізгі аргументі -президент болған кезінде жасаған кез келген әрекеті үшін қылмыстық қудалаудан иммунитеті бар. Бұл бұрынғы президент Ричард Никсонның «президент не істесе де заңсыздық болып саналмайды» деп айтқанын еске салады. Менің ойымша, президенттің іс-әрекеті президент лауазымына байланысты болса онда оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Демократтар басым екі штаттың Трампқа тиым салуы республикашыл өңірлердің ашуын туғызғандай. Миссури штаты «егер АҚШтың Жоғарғы соты Колорадо мен Майндағы сайлауға Дональд Трамптың қатысу құқығын қалпына келтірмесе, АҚШ президенті Джо Байденнің жергілікті деңгейдегі праймеризге қатысуына жол бермейміз»- деп ескертті. Саясаттанушылардың пікірінше, әкімшілік ресурстарды пайдалана отырып, бұлайша өзара тиым салу тартысына түсу АҚШ-тың сайлау жүйесіне үлкен қауіп төндіреді. Әрі халық арасында одан бетер саяси алауыздықты қоздыра түсуі ықтимал.

Дональд Трамп, АҚШ-тың экс президенті:

Біздің бәріміз сайлаудағы жеңісімізді радикал солшыл демократтардың ұрлап алғанын қаламаймыз, Олардың не істеп жатқандарын көріп тұрсыңдар. Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан шегінбейміз. Ұрлыққа жол бермейміз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қалай болса да екі штаттың Трампқа қатысты тиымы өзге өңірлерге де жол ашып бергендей. Санаулы күнде 34 штат экс президентті сайлаудан шеттету үшін сотқа шағым түсірген. Он төртінде судьялар талап арызды қолдамай тастаса, қалған жиырма өңір жоғары сотының аяқ алысын аңдып отырған секілді. Әзірге шешім шығаруға асықпады. Ал елдің жоғарғы соты Трамп ісіне қатысты тек ақпанның сегізі күні тыңдау өткізбек.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу