ШҚО-да 7 ауыл қар құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да 7 ауыл қар құрсауында қалды

16.01.2024

Шығыстағы Марқакөл ауданында 7 ауыл әлі қар құрсауында отыр. «Шығыс жол» мекемесінің мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Алайда жаңбыр аралас қасат қарға ауыр техниканың да күрегі батпай тұр. Облыстық жолаушылар көлігі басқармасы бүгін қосымша күш жіберілгенін хабарлады. Жалпы жұмылдырылған техниканың саны 24-ке жетті. Сыртпен байланыссыз қалған ауылдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін бүгін Өскеменнен тікұшақ аттанды. Ал Төсқайың ауылындағы ишемиялық инсультке шалдыққан 71 жастағы зейнеткерге дәрігерлер осы тікұшақпен жетті. Медицина мамандары науқастың хал-жағдайына байланысты шешім қабылдамақ. Егер тікұшақпен алып жүруге денсаулығы жараса, облыс орталығына жеткізіледі. Тек ауылдар ғана емес, жекелеген қыстақтармен де мүлде байланыс жоқ. Тұрғындар қорасындағы малға жем-шөп беріп, суатқа жете алмай отыр. Өрістегі жылқылардың көбі қалың қарға көміліп мелдектеп жатыр. Айта кетейік, Өскеменнен Марқакөл ауылына дейін 400 шақырым қашықтық бар.

Асхат Уанбаев, Марқакөл ауылының тұрғыны:

Малдары далада тебінде қалып қойған. Мүлде жете алмай отыр. Арнайы техника Үкімет тарапынан жұмылдырып қолдан келген көмектерін жасап жатыр. Қардың қалың 2 метрден астам жаууына байланысты мына арнайы технкалардың жұмысы баяулап тұр.

 Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Аудан әкімі шешімімен Марқакөл, Төсқайың ауылдық округінде төтенше жағдай жарияланды. Осы төтенше жағдайдың заңы бойынша барлық қажетті жанар-жағармаймен техникамен қамтамасыз етіледі.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу