Энергетика саласына бақылау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика саласына бақылау күшейеді

16.01.2024

Жылу мен энергетика саласына бақылау күшеймек. Арнайы заң әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Алмасадам Сәтқалиев айтты. Қазір бұл жұмыс жергілікті әкімдіктердің құзырында. Бақылау мен мониторинг энергетиканың цифрлы платформасы арқылы жүргізілмек. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Энергетика салсындағы өзекті мәселелрді шешу үшін жаңа нысандар салынбақ. Соңғы жылдары бұл салада төтенше жағдайлар жиіледі. Былтыр бірнеше қалада апат болып, тұрғындар жылусыз қалған кездер болды. Бүгін электр станцияларының 56 пайызы тозып тұр деген дерек те айтылды. Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, 2030 жылға қарай елімізде электр қуаты тапшы болуы мүмкін. Яғни, 6 гигават жетпейді деген болжам бар. Қазіргі таңда біздің ел күзгі-қысқы кезеңде жалпы 16 гигават тұтынып отыр. Бұл дегеніміз - тапшылық 30 пайызға жетуі мүмкін. Бұл жағдайды болдырмау үшін қазіргі станциялар жөнделмек. Сол арқылы қосымша 5,6 гигават қуат алуға болады. Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда және Шымкент қалаларында газ станцияларын салу жоспарланып отыр. Ал Жезқазғанда жаңадан қуаты 500 мВт болатын жылу электр станциясы салынбақ. Оның құрылысы 2029 жылға қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек ресейлік компаниялар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын соғады деген келісім бар. Олар 2027-2028 жылдарға дейін аяқталмақ. «Әрқайсының құны шамамен 270-300 млрд теңге болуы мүмкін», - дейді «Самұрық-Қазына» өкілдері. Сонымен қатар жасыл энергетиканы дамыту көзделіп отыр. Үкімет басшысының айтуынша, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылады. 

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу