Жылу орталықтарына бақылау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу орталықтарына бақылау күшейеді

11.04.2023

Жылу орталықтарына бақылау күшейеді. Жоспардан тыс тексеру жүргізуге рұқсат берілмек. Осы қыстан әупірімдеп шыққан үкімет қазірден бастап келер маусымға әзірлікті бастап кетті. Премьер-министр жылу орталықтары мен әкімдердің жұмысын сынға алды. Жауапкершілік төмен, жұмысқа немқұрайлы қарайды деп сөкті.

Екібастұз, Риддер, Рудный. Осы қыста бір емес бірнеше қаланың тұрғындары дірдектеп, жаурап шықты. Жылу жүйесінде апаттар жиілеп, төтенше жағдай жарияланды. Осыдан сабақ алса керек, Үкімет енді тозығы жеткен нысандар жөнделмесе мемлекетке қайтаруды көздейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс.

Ал Екібастұз жылу орталығының 50 пайызы мемлекет меншігіне өткені белгілі. Енді оны жөндеу жұмыстарына қазынадан 9,6 млрд теңге бөлінбек. Ал нысанды бүгінгі хәлге жеткізген меншік иесі 7,5 млрд теңге жұмсайды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біздің міндетіміз – Екібастұз қаласын жылумен тұрақты қамтамасыз ету. Жылу желілерінің жөндеу жұмысын бюджет есебінен қаржыландырамыз. Кәсіпкер өзіне тиесілі қондырғыларды жөндейді. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешеміз.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддер жылу орталығына дереу демонополизация жүргізу қажеттігін айтты. Оның сөзінше орталық басшысының нақты жоспары жоқ. Қарызға батқан. Жедел шешім қабылданбаса апат қайталануы мүмкін.

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан Облысының әкімі:

Кәсіпорынның қаржылық дәрменсіздігі, кредиторлық берешектің болуы келесі жылыту маусымына да қауіп төндіреді.

Жылу мәселесі бүгін сенат қабырғасында да қаралды. Депутат Нұрлан Бекеновтің сөзінше Көкшетаудағы жылу орталығының құрылысына ешбір компания қатыспаған. Себебі талап тым жоғары. Ал облыс орталығында жылу орталығы мүлдем жоқ. Мұндағы кішігірім қазандықтың жыл өткен сайын шамасы жетпей барады.

Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ұтып алатын кісіде 30 пайыз ақшасы, активі болу керек. Ол 72 млрд бүгінгі таңда қандай ол инвестор келеді? 72 миллиардты ол қояды, 15 жылдасын ол қайтады. Кім ақшасын салады?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жалпы елімізде 37 жылу орталығы бар. Ешқайсының жағдайы мәз емес. Барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілген. Ең жаңасы 1981 жылы Шымкентте салынған. Ал антирейтингтің көшбасында Арқалық, Орал, Кентау, Қызылорда және Тараз қаласындағы жылу орталықтары. Әрқайсының 90 пайызы тозып, әрең тұр. Жөндеу жүргізілмесе, кез-келген уақытта істен шығуы мүмкін. Үкімет биыл осы бағытқа 69 млрд теңге бөлмек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу